Әлем поляризация мен фрагментация дәуіріне кірді. Ғаламдық экономика сауда кедергілері, мемлекеттер арасындағы текетірес пен бәсекелестік жағдайында дамып келеді. Сол уақытта адамзат мүмкіндіктері артуда – XXI ғасырдың басынан бері әлемдік ЖІӨ үш есе өсті, ал цифрлық платформалар мен жасанды интеллект күнделікті өмірге айтарлықтай әсер етуде. Сонымен қатар ұзақ мерзімді сын-қатерлер – халықтың қартаюы, теңсіздіктің өсуі және климаттың өзгеруінің салдары күшейуде. Мұндай жағдайда мемлекеттер стратегиялық таңдау жасау қажеттілігіне тап болады: институттарды жаңа шынайылыққа бейімдеу немесе дамудың баяулауымен бетпе-бет келу.
Қазақстан саяси модернизация бағытын тұрақты түрде жүзеге асыруда. 2026 жылғы конституциялық реформа осы үдерісті жалғастыра отырып, соңғы жылдардағы өзгерістерді логикалық түрде толықтырады. Жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқару моделін жаңартуға бағытталған және жаһандық белгісіздіктің күшею жағдайында Қазақстанның экономикалық және халықаралық әлеуетін арттыруға қызмет етеді.
Ең бірінші, жаңа Конституция жобасының Преамбулы мен бірінші мақаласында Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі мәртебесі нақты бекітілген. Бұл базалық әлеуметтік кепілдіктер мемлекеттік саясаттың негізгі тірегі болып қала беретінін білдіреді. Қазіргі таңда республикалық бюджеттің 50%-дан астамы әлеуметтік салаға – зейнетақылар, әлеуметтік төлемдер, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақылары, мектептер мен ауруханаларды салу және т.б. бағытталып отыр. Универсалды да, нақты бағытталған да қолдау шаралары жүзеге асырылуда. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша екі жылдың ішінде балаларға 35,2 млн АҚШ доллары қарастырылды.
Сонымен қатар тәжірибе көрсеткендей, әлеуметтік трансферттердің ұлғаюы әрдайым институттардың тиімділігінің, көмек көрсетудің нақты бағытталуының және тұрақты нәтижелердің өсуін қамтамасыз етпейді. Сондықтан алдағы жылдары негізгі назар әлеуметтік қолдаудың мазмұнын өзгертуге бағытталуы тиіс. Әлеуметтік саясатты дамыту құралы ретінде трансформациялау қажет – ол азаматтардың жұмыспен қамтылуын ынталандыруға және экономикалық белсенділігін кеңейтуге қызмет етуі керек.
Екіншіден, жаңа Конституция жобасында білім беру, ғылым және инновациялар болашақтың басымдығы ретінде белгіленген – олар елдің бәсекеге қабілеттілігі мен адам капиталының дамуы үшін маңызды фактор. Халықаралық зерттеулер көрсеткендей, соңғы 40 жылда әлемде білім беру халықтың табысын арттыруға кемінде жартысын қамтамасыз еткен.
Қазақстан үшін білім беру саласына инвестиция салу стратегиялық маңызға ие. Алдағы жылдары демографиялық жағдай қолайлы болып қала береді. ҚР Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 35 жасқа дейінгі жастар саны шамамен 5,8 миллион адамды құрайды – бұл ел халқының жалпы санының 30%-ы. БҰҰ бағалауы бойынша, 2030 жылға дейін халық саны 22 миллионға жетеді, ал туу көрсеткіші әлемдік деңгейден жоғары болады. Сонымен қатар, еңбек нарығының болашағы технологиялардың дамуы мен жасанды интеллектті енгізуге тәуелді болып келеді. Қабілеттерге қойылатын талаптар өзгереді, мамандықтар жылдам жаңарып отырады, цифрлық дағдылар мен адамдардың үздіксіз оқуға қабілеті маңызды рөлге ие болады. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, адам капиталын дамытуға және білім беру жүйесінің сапасын арттыруға салынған инвестициялар олардың «экономикалық кереметінің» негізгі факторы болып табылады.
Сонымен, әлеуметтік кепілдіктерді сақтау және білім, ғылым мен инновацияларды конституциялық деңгейде басымдыққа алу Қазақстанның «адамға бағдарланған» экономикалық моделін қалыптастыратынын көрсетеді, оның орталығында азаматтардың мүдделері, құқықтары және әл-ауқаты орналасқан.
Анна Альшанская,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің
Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы


