Skip to content
Басты бет » Қазақстан Республикасы Президентінің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына пікір

Қазақстан Республикасы Президентінің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына пікір

Марат Жұмағұлов,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 16 мамырдағы №1279 «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қоғамның зияткерлік әлеуетін нығайтуға, гуманитарлық даму деңгейін арттыруға және азаматтардың орнықты құндылық бағдарларын қалыптастыруға бағытталған уақтылы әрі стратегиялық тұрғыдан маңызды нормативтік акт.

Құжатта оқудың рөлі тек білім беру процесінің бір бөлігі ретінде ғана емес, сонымен қатар сыни ойлауды, азаматтық мәдениетті, әлеуметтік жауапкершілікті және ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын маңызды тетік ретінде қарастырылады. Цифрлық жүктеме артып, ақпарат кеңістігі бөлшектеніп, жүйелі кітап оқуға деген қызығушылық төмендеп отырған қазіргі жағдайда бұл Жарлықтың қабылдануын елдің зияткерлік және мәдени капиталын қолдауға бағытталған маңызды мемлекеттік қадам деп бағалауға болады.

Жарлықта көзделген шаралардың кешенді сипатқа ие болуы оң бағалауға лайық. Құжат тек кітапхана саласымен немесе білім беру жүйесімен шектелмей, мемлекеттік органдардың, мәдениет ұйымдарының, білім беру мекемелерінің, баспа саласының, бұқаралық ақпарат құралдарының және азаматтық қоғам институттарының қатысуын көздейтін ведомствоаралық тәсілге негізделген. Мұндай ұстаным оқу мәдениетін дамыту ұзақ мерзімді мемлекеттік саясат ретінде қарастырылатын «оқырман қоғамдарды» қалыптастырудың халықаралық тәжірибесіне сәйкес келеді.

Балалар мен жастар арасында кітап оқуды кеңінен насихаттауға ерекше мән берілуі айрықша назар аударады. Оқу дағдысының ерте жастан орнығуы адами капиталдың сапасына, құқықтық және саяси мәдениет деңгейіне, ақпаратты талдап қабылдау қабілетіне тікелей ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Жарлықтың ережелері мәдени ғана емес, айқын әлеуметтік-саяси мәнге де ие.

Сондай-ақ кітапхана инфрақұрылымын жаңғырту, кітапхана қорларын цифрландыру, әдебиетке қолжетімділікті кеңейту және отандық кітап басу ісін қолдау жөніндегі шаралардың маңызын атап өткен жөн. Бұл бағыттар халықтың, соның ішінде ауылдық және шалғай өңірлер тұрғындарының сапалы контентке кеңінен қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Жарлықта белгіленген мақсаттарды іс жүзінде іске асыру жүйелі нормативтік және ұйымдастырушылық сүйемелдеуді қажет етеді.

Осыған байланысты мынадай мәселелерді қамтамасыз ету маңызды деп саналады:

— халықтың оқу белсенділігі деңгейін бағалауға арналған нақты өлшенетін индикаторларды әзірлеу;

— оқуды ілгерілету бағдарламаларын білім беру және жастар саясатына жүйелі түрде енгізу;

— өңірлік бастамалар мен отбасылық оқуды қолдау;

— оқу формалды міндет емес, күнделікті мәдени тәжірибенің бір бөлігі ретінде қабылданатын тұрақты мотивациялық орта қалыптастыру.

Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасы Президентінің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын қоғамның зияткерлік негізін нығайтуға, адами капитал сапасын арттыруға және білімді, ойлы әрі бәсекеге қабілетті ұлт құндылықтарын дамытуға бағытталған маңызды саяси-құқықтық және мәдени-гуманитарлық құжат ретінде бағалауға болады.