1 шілде күні ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігінде «Shanyraq Dialogue» пікірталас алаңы аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстел жұмысына қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай өткізілді.
Іс-шараға қатысушыларға арналған алғысөзінде Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Роман Василенко еліміздің жаңа Ата Заңының күшіне енуінің тарихи маңызын атап өтіп, бұл оқиғаның елдегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңінің басталуын білдіретінін айтты. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге ресми сапары осы маңызды оқиғаның алдында өткенінің символдық мәніне назар аударып, Қазақстандағы ішкі реформалардың Еуропалық Одақпен стратегиялық әріптестікті дамыту үдерісімен өзара тығыз байланысты екенін атап өтті.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов еліміздің жаңа конституциялық моделіне қатысты сараптамалық шолу ұсынды.
Өз сөзінде Жандос Шаймарданов жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның саяси-құқықтық дамуының сапалық тұрғыдан жаңа кезеңін білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңартылған Ата Заң кең қоғамдық диалогтың нәтижесінде қабылданып, қазіргі заманғы конституциялық құндылықтарға негізделген мемлекеттік биліктің жаңа архитектурасын бекітті. Бұл модельде адамның құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиетіне басымдық беріледі.
ҚСЗИ директоры конституциялық өзгерістер елді одан әрі жаңғыртуға, заң үстемдігін нығайтуға, мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруға және жүргізіліп жатқан реформалардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге берік институционалдық негіз қалыптастыратынына тоқталды.
Өз сөзінде конституциялық жаңашылдықтарды практикалық тұрғыда іске асыру, ұлттық заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ адами капиталға, білімге, инновацияларға және цифрлық трансформацияға негізделген Қазақстанның жаңа даму моделін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Пікірталас барысында қатысушылар конституциялық реформаларды іске асыру барысы, Қазақстанның саяси жаңғыру перспективалары және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдвардс Стипрайс Қазақстандағы институционалдық реформаларды дәйекті түрде жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Ал Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Орталық Азия басқармасының басшысы Дитмар Крисслер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге ресми сапары барысында айқындалған Қазақстанның саяси трансформация бағытын еуропалық тараптың қолдайтынын растады.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар «Shanyraq Dialogue» алаңы Қазақстан мен еуропалық серіктестер арасындағы саяси реформалар, ішкі даму және халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша мазмұнды әрі ашық сараптамалық диалогқа ықпал ететін тиімді алаң екенін атап өтті.






