ҚСЗИ-да Шығыс Қытай педагогикалық университетінің (Шанхай қ., ҚХР) делегациясы қатысқан дөңгелек үстел өтті. Кездесудің тақырыбы «ШЫҰ-ға 25 жыл: Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы тұрақты даму және ынтымақтастық перспективалары».
Сарапшылық талқылау барысында қатысушылар Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін қарастырды. Мүше мемлекеттердің халықаралық-саяси өзара іс-қимылына, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, көліктік-логистикалық өзара байланысты дамытуға, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.
Талқылаудың жеке бағыты ретінде Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегі қарастырылды. Тараптар өңірлік қауіпсіздік, тұрақты даму, бірлескен экономикалық бастамаларды іске асыру, сондай-ақ екі елдің ғылыми-талдау орталықтары арасындағы сарапшылық диалогты одан әрі нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Қытай делегациясының құрамына Қазақстанды, Орталық Азия мен Ресейді зерттеуге маманданған ғалымдар мен зерттеушілер кірді. ҚСЗИ тарапынан дөңгелек үстел жұмысына халықаралық қауіпсіздік, азиялық зерттеулер, сондай-ақ жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімдерінің сарапшылары қатысты.
Кездесудің қорытындысы бойынша қатысушылар сарапшылық ынтымақтастықты жалғастыруға және академиялық диалогты дамытуға өзара мүдделі екенін растады.





