2026 жылғы 15 шілде күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына Университет кеңесінің төрағасы, профессор Инь Дунмэй бастаған Шанхай шетел тілдері университетінің делегациясы келді. Делегация құрамында Шанхай жаһандық басқару және өңірлік зерттеулер академиясының атқарушы деканы Ян Чэн, Конфуций институтының директоры, профессор Фэн Хуэй, Ресей және Еуразия зерттеулері мектебінің Орталық Азия тілдері кафедрасының меңгерушісі Гулизийи Байшань және басқа да өкілдер болды.
Кездесу барысында тараптар қазақстан-қытай ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылап, сарапшылық, гуманитарлық және білім беру байланыстарын дамытуға ерекше көңіл бөлді. Студенттер мен оқытушылардың академиялық мобильділігін кеңейту, сондай-ақ бірлескен зерттеу және білім беру бастамаларын жүзеге асыру мүмкіндіктері жеке қаралды.
ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов сарапшылық талқылаулар мен ғылыми іс-шаралар ұйымдастыруды, тар бағыттағы бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыруды қоса алғанда, ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарын атап өтті.
Университет кеңесінің төрағасы, профессор Инь Дунмэй біліктi мамандар даярлау мен екі ел арасындағы студенттік алмасуды дамытудың маңыздылығын атап көрсетті. Ол студенттер, оқытушылар және зерттеушілер үшін академиялық мобильділік бағдарламаларын кеңейтуге жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Кездесу қатысушылары ШЫҰ-ның 25 жылдығына орай халықаралық сарапшылық алаңдар мен іс-шаралар ұйымдастыруды, ғылыми баяндамалар мен басылымдар дайындауды, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі бірлескен зерттеулер жүргізуді қоса алғанда, ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарын да талқылады.





