Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ жанындағы Экономика жөніндегі сарапшылар кеңесінде құрылыс саласы талқыланды

ҚСЗИ жанындағы Экономика жөніндегі сарапшылар кеңесінде құрылыс саласы талқыланды

ҚСЗИ-да Қазақстанның құрылыс саласын дамыту мәселелеріне арналған Экономика жөніндегі сарапшылар кеңесінің отырысы өтті. Оған «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ пен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері қатысты.

Отырыс күн тәртібі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында айқындаған міндеттеріне негізделді. Президент кең көлемді құрылысты кезек күттірмейтін маңызды міндет деп атап, нақты бағдар қойды: «Қазақстанды бір үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек».

«Кең көлемді құрылыс инфрақұрылымды жаңартып қана қоймай, отандық өндірісті дамытуға серпін беруге тиіс. Құрылыс материалдары мен техникасына, инженерлік жабдыққа сұраныстың артуы елімізде қосымша құн туғызып, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға түрткі болғаны маңызды», — деді ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов.

Отырыста мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, өндірістік кооперацияны нығайту және өңірлердің әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері көтерілді. Қазақстандық кәсіпорындардың құрылыс нарығын отандық материалдармен, конструкциялар мен жабдықпен қамтамасыз ету мүмкіндіктеріне бөлек тоқталды.

QazIndustry өкілдері отандық кәсіпорындардың нақты өндірістік мүмкіндігін көрсететін Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жасау жұмысы туралы да айтып берді.

«Қазақстандық кәсіпорындарда құрылыс материалдары өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік жеткілікті. Ол үшін болжамды сұраныс, қуаттарды толық пайдалану және кооперацияны дамыту қажет», — деді QazIndustry Басқарма төрағасы Эльдар Гумаров.

Қатысушылар құрылыс саласының машина жасау, металлургия, химия, электротехника және ағаш өңдеу өнеркәсібі өнімдеріне сұраныс тудыра алатынын айтты.

«Құрылыс саласы базалық материалдардан бастап заманауи технологиялар мен инженерлік жабдыққа дейінгі тұтас өндірістік тізбек ретінде қаралуы керек», — деді ҚСЗИ директорының орынбасары Жанар Ғабдуллина.

Отырыс қорытындысында тараптар бірлескен аналитикалық жұмысты жалғастырып, ынтымақтастықты Қазақстанның өнеркәсіпті дамытудың басқа бағыттарына да кеңейтуге ниетті екенін білдірді.

Дайджест жаңалықтарына жазылу