Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ директорының орынбасары «Примаков оқуларына» қатысты

ҚСЗИ директорының орынбасары «Примаков оқуларына» қатысты

2026 жылғы 23-25 маусымда Мәскеуде XII халықаралық ғылыми-сараптамалық «Примаков оқулары» форумы өтті. Іс-шараны Ресей ғылым академиясының Е.М. Примаков атындағы Ұлттық Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар зерттеу институты (ИМЭМО РАН) және Е.М. Примаков атындағы сыртқы саяси ынтымақтастық орталығы ұйымдастырды.

«Ережесіз әлем: күш ойыны ма?» тақырыбында өткен іс-шараға халықаралық қауіпсіздік, әлем саясаты және экономика саласындағы 20 елден келген жетекші ресейлік және шетелдік сарапшылар, қоғамдық ұйымдар мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысқан. Форум жұмысына баяндамашы ретінде ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен қатысты.

«Примаков оқулары» бағдарламасы әлем саясаты пен экономикасының негізгі сын-қатерлерін талқылау төңірегінде құрылды. Талқылау өзегінде өңірлік қақтығыстардың жаһандық салдары, АҚШ сыртқы саясатының ішкі өлшемі, Таяу Шығыстағы қақтығыс және оның эволюциясы, қалыптасып келе жатқан әлемдік тәртіп сценарийлерін талқылау, әлемдік сауда мен инвестициялардағы кедергі-тәуекел, ЖИ саласындағы халықаралық бәсекелестік және әскери-техникалық бәсекелестіктің жаңа кезеңі сияқты мәселелер болды.

Д. Әбен Ресейдің ҰҚШҰ-ға төрағалығына арналған «Еуразия қауіпсіздігі 2035» стратегиялық сессиясы аясында сөз сөйледі. Өз сөзінде ҚСЗИ директорының орынбасары қазіргі халықаралық жүйе жаһандық күштер тепе-теңдігінің өзгеруімен, орта державалар мен өңірлік процестер рөлінің артуымен қатар жүретін ауқымды трансформацияны бастан өткеріп жатқанын атап өтті. Мұндай жағдайда жаңа әлем тәртібінің параметрлері мен өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерінің бейімделуі негізгі маңызға ие болады.

Ол Қазақстанның қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілі тату көршілік, ұлттық және өңірлік қауіпсіздіктің өзара байланысы, сондай-ақ конфронтациядан гөрі ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың басымдығы қағидаттарына негізделетінін атап өтті.

Д. Әбен пікірінше, қазіргі жағдайда Еуразиядағы қауіпсіздікті қандай да бір бір мемлекеттің немесе халықаралық институттың күшімен қамтамасыз ету мүмкін емес. Оның айтуынша, Қазақстан Ресеймен екіжақты ынтымақтастықты, сондай-ақ БҰҰ, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ТМД және басқа да көпжақты форматтардың қызметіне қатысуды өңірлік қауіпсіздіктің біртұтас архитектурасының өзара толықтыратын элементтері ретінде қарастырады. Ол еуразия қауіпсіздігі жүйесінің болашағы мүдделер тепе-теңдігіне, өзара құрметке және ортақ сын-қатерлерге бірлесіп жауап іздеуге негізделген ашық әрі инклюзивті өзара іс-қимылға құрылуы тиіс екенін атап өтті. ҚСЗИ директорының орынбасары Орта Азияның болашақ қауіпсіздік архитектурасын қалыптастырудағы артып келе жатқан рөліне бөлек назар аударды. Ол өңір халықаралық процестердің дербес қатысушысы әрі диалог пен ынтымақтастық үшін маңызды алаң ретінде барған сайын сенімді түрде көрініп келе жатқанын атап өтті. Д. Әбен айтуынша, Еуразия орнықтылығы мемлекеттердің жаңа бөлініс сызықтарының пайда болуына жол бермей және бір мемлекет қауіпсіздігі басқа мемлекет қауіпсіздігі есебінен қамтамасыз етілмеуі тиіс деген қауіпсіздік бөлінбестігі қағидатын басшылыққа ала отырып, болмай қоймайтын бәсекелестікті өзара іс-қимыл тетіктерін дамытумен үйлестіре алу қабілетіне байланысты болады.

Фото РҒА Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институты тарапынан ұсынылды.

Дайджест жаңалықтарына жазылу