Skip to content
Басты бет » Қазақстан – Корея Республикасы: болашаққа бағытталған әріптестік

Қазақстан – Корея Республикасы: болашаққа бағытталған әріптестік

14 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мённың шақыруымен Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Сапар Сеулде 16–17 қыркүйекте өтіп жатқан тарихтағы алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті қарсаңында ұйымдастырылды.

Сапар күн тәртібіне экономикалық интеграция, энергетикалық ынтымақтастық, жасанды интеллект, жасыл технологиялар, инновациялық инфрақұрылым және аса маңызды минералдар секілді мәселелер енгізілді.

Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында қалыптасқан экономикалық негіз бар: екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 3 млрд доллардан асады. Сонымен қатар биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның Кореяға экспорты 17,2%-ға өсті. Бүгінде екіжақты ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп отыр: екі мемлекеттің сыртқы істер министрлері қарым-қатынас деңгейін «болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық әріптестікке» көтеру туралы вербалды ноталар алмасты.

Осы ынтымақтастық аясында Қазақстанның энергетикалық және шикізаттық базасын Оңтүстік Кореяның озық технологияларымен ұштастыру айрықша маңызға ие. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында әлемдік экономика барған сайын болжамдылығы төмен ортаға айналып келеді. Бұл Кореяның Қазақстаннан мұнай, газ, уран және аса маңызды минералдарды қоса алғанда, ресурстар жеткізуді ұзақ мерзімді перспективада әртараптандыруға, сондай-ақ Азия мен Еуропаны байланыстыратын жаңа буын ретінде Орталық Азияның көлік бағыттарын дамытуға деген қызығушылығын арттырады. Қазақстан Президенті қазақ-корей дөңгелек үстел ашылу барысында қосылған құны жоғары толыққанды өндірістік тізбектерді қалыптастыру үшін «ресурстар – технологиялар – өнеркәсіп» ынтымақтастық моделін ұсынды.

Энергетика. 15 қыркүйекте мемлекет басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздері барысында Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрлігі арасында мұнай саласындағы ынтымақтастық жөнінде негіздемелік келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар Мемлекет басшысымен кездесу кезінде Hyundai Engineering компаниясының басшылығы мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев корей тарапына атом энергетикасы саласында да ынтымақтастық орнатуды ұсынды. Бұл ретте Қазақстанның әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел ретіндегі рөлін атап өтіп, шағын модульдік реакторлар технологияларын дамытуға қызығушылық бар екенін жеткізді. Бұл бағытта тараптардың өзара толықтыру әлеуеті айқын көрінеді: Сеул дәстүрлі көлік бағыттарының күрделенуі жағдайында энергетикалық тұрақтылығын арттыруға мүдделі болса, Астана корейлік мұнай өңдеу технологияларын, цифрландыру шешімдерін және жоғары технологиялық өндірісті тарту арқылы технологиялық экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік алады.

Аса маңызды материалдар. Ынтымақтастықтың осындай логикасы аса маңызы бар материалдар саласында да байқалады. Саммитте Мемлекет басшысы Сеулмен осы бағыттағы өзара іс-қимылды күшейтіп, жаңа қазақ-корей компаниясын құруды ұсынды. Сондай-ақ Алматыда Корей технологияларға жәрдемдесу институтының қатысуымен сирек және сирек қазба металдарын зерттеу жөніндегі бірлескен орталық құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Корея стратегиялық санатқа жатқызған он минералдың барлығы Қазақстанның әртараптандырылған минералдық-шикізат базасында кездесетіні назар аударарлық. Қазақстан Сеулге елеулі ресурстық базаны, қалыптасқан тау-кен инфрақұрылымын және өндірісті оқшаулау мүмкіндігін ұсына алады. Ал аккумуляторлар, электроника және басқа да жоғары технологиялық өнімдер өндірісі үшін шикізат импортына тәуелді Оңтүстік Корея үшін бұл жеткізілімдерді әртараптандыруға тікелей ынталандыру болып табылады. Осылайша, екі елдің сирек қазба металдар саласындағы ынтымақтастығы жалпы сипаттағы уағдаластықтардан нақты практикалық бастамаларға біртіндеп көшіп келеді.

Smart City. Оңтүстік Корея Қазақстан үшін инвестиция көзі ретінде ғана емес, дамушы экономикадан әлемдегі жетекші технологиялық және өнеркәсіптік орталықтардың біріне дейінгі жолдан өткен ел ретінде де қызығушылық тудырады. Осы тұрғыдан алғанда, Сеулдің ақылды қалаларды дамытудағы практикалық тәжірибесі ерекше құнды: Кореяда Smart City жобалары мемлекеттік белсенді қолдау мен ұлттық стратегиялар деңгейіндегі жүйелі тәсіл негізінде нөлден бастап дамыды. Корейлік ақылды қалалардың басты ерекшелігі – озық технологияларды енгізумен ғана шектелмей, оларды халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, қалалық жүйелердің ерекшеліктеріне бейімдеуінде. Бұған Сеулдің қоғамдық көлік жүйесі, сондай-ақ Сонгдо мен Седжон сияқты қалалар нақты мысал бола алады.

Alatau City. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – Alatau City жобасы. Мемлекет басшысының Lotte Group басшылығымен кездесуінде корей тарапының Алматы мен Alatau City аумағында қонақүйлер салу жоспарлары расталды. Мемлекет басшысы сондай-ақ Кореяның шетелдік инфрақұрылым және қалалық даму корпорациясының (KIND) бас директоры Ким Бок Хванмен кездесу өткізді. Кездесу қорытындысы бойынша Alatau Smart City бас жоспарын әзірлеуге қатысты құжаттарға қол қойылды. Бұдан бөлек, айдың басында Пусанда өткен Global Smart City Expo халықаралық көрмесінде Alatau City Authority кореялық AST Holdings және ILJOO GnS компанияларымен үшжақты меморандумға қол қойды. Құжат Алатау қаласында цифрлық егіз технологиясын енгізуді көздейді.

Осылайша, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық әріптестік Астанаға технологиялық экономиканың деңгейін арттыруға, өңдеу қуаттарын кеңейтуге және ақылды қалалар жобаларына озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Ал Сеул өз кезегінде ұлттық экономика үшін аса маңызды шикізат пен энергетикалық ресурстарға қолжетімділігін кеңейтеді.

Темірлан Әбуғали,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

 халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы