Skip to content
Басты бет » Өнеркәсіптік және технологиялық даму әріптестігі: Қазақстан бастамасының астарында не жатыр?

Өнеркәсіптік және технологиялық даму әріптестігі: Қазақстан бастамасының астарында не жатыр?

Бүгін өткен алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіптік және технологиялық даму бойынша әріптестік құруды ұсынды. Оның мақсаты – технология трансферті мен сыртқы нарықтарға шығуға бағытталған бірлескен өндірістік жобаларды қалыптастыру. Президенттің айтуынша, сапар аясында жалпы құны шамамен 19 млрд долларды құрайтын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Бұл – іске асырылуы алдағы уақытта бағалануы тиіс уағдаластықтардың жалпы көлемі.

Мен үшін бұл ұсыныстың ең мазмұнды бөлігі – кореялық инвестицияларды отандық кәсіпорындардың дамуымен байланыстыру мүмкіндігі. Дәл осы тақырыпты біз кеше Сеулде өткен сараптамалық семинарда талқыладық. Президент жылына 70 мың автомобиль шығаруға есептелген KIA Qazaqstan жобасын мысалға келтіріп, осындай ынтымақтастық моделін басқа салаларда да қолдануды ұсынды. Мұндағы экономикалық әсер зауыттың өзімен ғана шектелмеуі мүмкін: тұрақты тапсырыстар жеткізушілерге құрал-жабдыққа инвестиция салуға, сапа талаптарын игеруге және мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Келесі қадам – бұл кәсіпорындардың басқа тапсырыс берушілермен де жұмыс істей алу қабілетін қалыптастыру.

Аса маңызды шикізаттар саласында Президент бірлескен қазақ-корей компаниясын құруды ұсынды. Сондай-ақ Алматыда сирек және сирек жер металдарын зерттеу орталығын құру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Әзірге бұл – ұсыныс пен орталық құру туралы уағдаластық қана, алайда олар шикізатпен жұмыс істеуге анағұрлым нақты негіз қалыптастырады.

Бұдан әрі Қазақстанда нақты қандай материалдарды өңдеудің тиімді екенін және дайын өнімді кім сатып алатынын айқындау қажет. Кореялық серіктес технология мен өнеркәсіптік тапсырыс берушіге қолжетімділікті ұсына алады. Ал Қазақстан тарапы ресурстық базаны, энергия мен судың құнын бағалауы тиіс. Мұндай жобада өнімді ұзақ мерзімді жеткізу туралы келісімнің маңызы шешуші болуы мүмкін: нақты сұраныс болмаса, заманауи жабдықтың өзі жобаның рентабельділігін қамтамасыз ете алмайды.

Бұл мәселе Президент сөзінің көлік-логистикалық бөлігімен де байланысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ляньюньган арқылы өтетін бағыттарды Орталық Азиямен байланыстырып, Еуропаға шығуды, сондай-ақ Пусанның Қазақстанның Каспийдегі порттарымен өзара іс-қимылын дамытуды ұсынды.

Кәсіпорын үшін мұндай байланыстың құндылығы нақты көрсеткіштермен өлшенеді: тасымалдау қанша тұрады, жеткізу мерзімі қаншалықты болжамды және бүкіл маршрут бойынша кім жауап береді. Егер осы жағдайлар қазақстандық зауытқа өнімін шетел нарықтарына шығаруға мүмкіндік берсе, көлік дәлізі өндірісті дамытудың маңызды факторына айналады. Сонымен қатар Өзбекстанға немесе Қырғызстанға жеткізілетін өнімдер үшін өңір ішіндегі логистикалық байланыстарды дамыту бойынша жеке жұмыс қажет.

Дәл осы жерде «Орталық Азия – Корея Республикасы» форматының практикалық мәні көрінеді. Мысалы, кореялық компания Қазақстандағы өндіріске қатысып, компоненттердің бір бөлігін көршілес елден сатып алып, дайын өнімді бірнеше нарықта өткізе алады. Мұндай жобаны іске асыру үшін үкіметтер нақты рәсімдерді келісуі, ал компаниялар коммерциялық мүдделерін растауы қажет.

Ұсынылып отырған әріптестік ірі инвесторлардың айналасында күрделі тапсырыстарды өз бетінше орындай алатын жергілікті компаниялар қалыптасқан жағдайда тұрақты нәтиже бере алады. Бұл жағдайда Қазақстанның өндірістік мүмкіндіктері кеңейіп, оларды әртүрлі сыртқы серіктестермен экономикалық байланыстарды дамыту үшін пайдалануға мүмкіндік туады.

Айдар Құрмашев,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы