Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ өкілдері Сеулдегі халықаралық семинарда баяндама жасады

ҚСЗИ өкілдері Сеулдегі халықаралық семинарда баяндама жасады

2026 жылғы 15–16 қыркүйекте Сеулде «Орталық Азия – Корея Республикасы» тұңғыш саммиті аясында Орталық Азия елдері мен Оңтүстік Кореяның ынтымақтастық перспективаларына арналған халықаралық сараптамалық семинар өтті. «Алынған сабақтардан болашақ әріптестікке: ядролық қауіпсіздік, орнықты даму және стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі диалог» тақырыбындағы семинарды Ханнс Зайдель қоры (Германия) Хангук шет тілдері университетінің Еуропалық одақты зерттеу институтымен бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараға Орталық және Солтүстік-Шығыс Азия елдерінің талдау орталықтары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысты. Семинарда ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен мен ҚСЗИ-дың Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев баяндама жасады.

Дәурен Әбен «»Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті бастапқы нүкте ретінде: практикалық ынтымақтастыққа өңірлік көзқарас» сессиясында ұзақ мерзімді әрі жүйелі ынтымақтастық күн тәртібін қалыптастырудың басты басымдықтары мен мүмкіндіктері туралы ой бөлісті. Оның айтуынша, әріптестіктің жаңа архитектурасы жекелеген жобалармен шектелмей, түрлі салада қосылған құнды бірлесіп жасауға негізделуі керек. Ол үшін жобалық дипломатиядан тұрақты тетікке – стратегиялық диалогқа, инвестициялық және іскерлік байланыстарға, адами капиталды дамытуға әрі уағдаластықтардың орындалуын бақылауға көшу қажет.

Дәурен Әбен сондай-ақ «Семейден Солтүстік-Шығыс Азияға дейін: Азиядағы қауіпсіздік ахуалы өзгерген жағдайда ядролық қауіпсіздік пен қаруды таратпау саласындағы Орталық Азия тәжірибесі» сессиясында сөз сөйледі. Оның пікірінше, Семей ядролық сынақ полигонын жабудан бастап Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруға дейінгі жолдан өткен Қазақстан мен өңір елдерінің тәжірибесі ортақ осалдықты ортақ мүддеге айналдыруға және оны өңірлік институттар, сенім шаралары мен тұрақты диалог арқылы бекітуге болатынын көрсетеді. Бұл тәжірибені Солтүстік-Шығыс Азияда тікелей қолдану мүмкін болмаса да, ол ядролық тәуекелдерді азайтуға септігін тигізе алады.

Айдар Құрмашев көлік байланысы мен логистика жөніндегі тақырыптық топта баяндама жасады. Ол көлік дәліздерін дамыту Қазақстан мен Орталық Азияның өндірістік әлеуетін арттыруға қалай ықпал ететініне тоқталып, корей компанияларының шикізатты өңдеуге, мамандар даярлауға және ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының төңірегінде жеткізушілер желісін дамытуға қатысу мүмкіндіктерін қарастырды.

Мұндай жобалардың коммерциялық шарттарына ерекше назар аударылды. Жеткізу мерзімі болжамды, рәсімдер келісілген, сұраныс расталған жағдайда кәсіпорындар өндірісті жоспарлап, көрші нарықтарға шыға алады. Корей әріптестері бұған технология беру, инвестиция салу және өнімді ұзақ мерзімге сатып алу келісімшарттарын жасасу арқылы үлес қоса алады.

Дайджест жаңалықтарына жазылу