Skip to content
Басты бет » Фридрих Эберт қорының делегациясымен кездесу

Фридрих Эберт қорының делегациясымен кездесу

2026 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Фридрих Эберт қорының Берлиндегі кеңсесінің Оңтүстік-Шығыс Азия және Тынық мұхиты өңірі елдері жөніндегі департаментінің директоры Мирко Гюнтер бастаған делегациямен кездесу өтті.

ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен қонақтарды Институт қызметінің негізгі бағыттарымен және зерттеу басымдықтарымен таныстырды. Өз кезегінде Мирко Гюнтер Фридрих Эберт қорының Қазақстандағы жұмысы, қызметінің негізгі бағыттары және қазақстандық серіктестермен өзара ықпалдастық форматтары туралы ақпарат берді.

Кездесу барысында тараптар әлемдік және өңірлік геосаясаттың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Дәурен Әбен Орталық Азияның орнықты дамуы мен өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі су мәселесінің маңызы артып келе жатқанына назар аударды. Мирко Гюнтер де бұл мәселенің маңыздылығын атап өтіп, Қордың осы бағытта атқарып жатқан жұмысы туралы баяндады және су қауіпсіздігі тақырыбын сарапшылық деңгейде одан әрі талқылаудың орынды екенін айтты.

Әңгімелесу барысында ҚСЗИ мен Қор арасындағы ынтымақтастықтың келешегіне ерекше назар аударылды. Тараптар бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру және сарапшылық іс-шаралар өткізу мүмкіндіктерін, сондай-ақ Қазақстан мен Германияның талдамалық және академиялық қауымдастықтары арасындағы байланыстарды кеңейту мәселелерін қарастырды. Кездесуге қатысушылар тиімді шешімдерді бірлесіп әзірлеуде, өзара түсіністікті нығайтуда және екі ел арасындағы екіжақты байланыстарды дамытуда ғылыми-сарапшылық диалогтың айрықша рөлін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға, серіктестікті нығайтуға және алдағы ынтымақтастық бағыттарын кеңейтуге мүдделі екендіктерін танытты.

Дайджест жаңалықтарына жазылу