2026 жылғы 14–15 қазанда Абу-Дабиде (БАӘ) «Invest, Connect, Secure» («Инвестициялар, байланыс және қауіпсіздік») тақырыбында Raisina Middle East 2026 халықаралық форумы өтті. Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы Анна Альшанская қатысты.
Іс-шараны Үндістанның Observer Research Foundation (ORF) талдау орталығы БАӘ және Үндістан сыртқы істер министрліктерімен бірлесіп ұйымдастырды. Форум халықаралық қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық және технологиялық даму салаларындағы өзекті мәселелерді талқылау үшін мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, талдау орталықтарының, іскерлік және академиялық қауымдастықтардың өкілдерін біріктірді.
Негізгі тақырыптар халықаралық тәртіптің өзгеруі, жаңа сауда-экономикалық дәліздерді дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, инвестициялар тарту және озық технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту болды. Жаңа экономикалық және технологиялық әріптестіктерді қалыптастырудағы Жаһандық Оңтүстік елдерінің рөліне ерекше назар аударылды.
Форум аясында А. Альшанская жасанды интеллект (ЖИ) және цифрлық қоғамдық инфрақұрылым (Digital Public Infrastructure, DPI) салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған сарапшылық дөңгелек үстелге де қатысты.
Қатысушылар цифрландыру саласындағы тәжірибе алмасуды, технологиялық шешімдерді елдер арасында кеңінен қолдану мүмкіндіктерін, инновациялар трансферінің тетіктерін, сондай-ақ ЖИ енгізудің институционалдық және реттеушілік шарттарын талқылады.




