2026 жылғы 14 қазанда Ыстанбұл қаласында «Түркі әлеміндегі ынтымақтастық пен интеграция жолдарын іздеу» тақырыбында Қара теңіз – Каспий бассейні елдерінің II халықаралық симпозиумы өтті. Іс-шараны Ыстанбұлдағы Гелишим университеті (Түркия) Ватан университетімен (Өзбекстан) бірлесіп ұйымдастырды.
Симпозиум түркі әлемі елдерінің ғалымдары мен сарапшылары арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа зерттеу бағыттарын дамытуға арналды. Оған Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Сирияның академиялық және сарапшылық қауымдастықтарының өкілдері қатысты.
Симпозиумға баяндамашы ретінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы Мұхит Асанбаев қатысты. «Инвестициялар, экономикалық қауіпсіздік және геосаясат» сессиясындағы сөзінде Мұхит Асанбаев бүгінде Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше басқа да елдер жаһандық сын-қатерлерге, күштер арақатынасының өзгеруіне және қауіпсіздік саласындағы дағдарыстарға белсенді түрде бейімделіп жатқанын атап өтті. Жаһандық тұрғыдан алғанда, бұл оларға ЕО, НАТО, Қытай, Ресей және АҚШ-пен қарым-қатынастарын ескере отырып, өздерін жаһандық қауіпсіздік архитектурасының ажырамас бөлігі ретінде танытуға мүмкіндік берді.
Қара теңіз – Каспий бассейні елдерінің саяси, экономикалық және көлік-логистикалық іс-қимылдарын үйлестіру алаңы ретіндегі ТМҰ-ның рөліне ерекше назар аударылды. Экономикаға басымдық беретін мұндай тәсіл ТМҰ-ға қатаң институционалдық үстемдікке ұмтылмай-ақ, қалыптасқан қауіпсіздік архитектурасын үйлесімді толықтыруға мүмкіндік береді. М. Асанбаевтың пікірінше, көптеген өңірлік интеграциялық үдерістердің белсенді қолдаушысы әрі бастамашысы болып отырған Қазақстан бүгінде ТМҰ аясында ерекше рөл атқарып, ұйымды ресурстармен, күн тәртібімен және легитимділікпен қамтамасыз етеді. Ұйымның өз үлесі превентивті дипломатия, көлік жүйесінің орнықтылығы, цифрлық және өнеркәсіптік кооперация салаларынан көрініс табады.




