Нұрдәулет Нариманов,
Жаһандық экономика және тұрақты
даму бөлімінің аға сарапшысы
Республика күніне орай сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы соңғы жеті жылда Қазақстанға 155 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылғанын атап өтті. Бұл жылына орта есеппен 22 миллиард доллардан астам қаражатты құрайды. Мұндай көлем халықаралық бизнестің елімізге, оның тұрақтылығы мен даму келешегіне деген сенімін көрсетеді. Кәсіпорынға капитал салу туралы шешім қабылдау инвестициялардың қауіпсіздігін, инфрақұрылым сапасын, кадрлық әлеуетті және нарық мүмкіндіктерін бағалауды талап етеді. Шетелдік компаниялардың ұзақ мерзімді жобаларға қатысуы Қазақстанның халықаралық ынтымақтастыққа қолайлы жағдай жасай алатын сенімді әрі дамып келе жатқан экономика ретіндегі беделін нығайтады.
Соңғы жылдары инвестициялық әріптестіктің сапасы айтарлықтай өзгерді. Тарихи тұрғыдан алғанда, шетелдік капиталдың едәуір бөлігі шикізатты өндірумен және бастапқы өңдеумен байланысты болды. 2019 жылдан кейін мемлекеттік саясатта қосылған құны жоғары тауарлар өндіруге, технологиялық жаңғыртуға және білікті жұмыс орындарын ашуға басымдық күшейді. Тікелей шетелдік инвестициялардағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2019 жылғы 14,2%-дан 2025 жылы 21,3%-ға дейін, яғни бір жарым есе өсті. Егер осы кезеңнің басында шетелдік инвестицияның шамамен әрбір жетінші доллары өңдеу саласына бағытталса, кезең соңында әрбір бесінші доллары осы салаға тиесілі болды. Осы уақыт ішінде химия өнеркәсібіне салынған инвестициялар шамамен 100 миллион доллардан 1,2 миллиард долларға, ал байланыс саласында 105 миллион доллардан 1,3 миллиард долларға дейін ұлғайды. Бұл өзгерістер инвесторлардың заманауи экономикаға қажетті өндірістер мен инфрақұрылымға қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
Бұл бағыттың нәтижелері ұлттық экономика құрылымынан көрініс табуда. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өңдеу өнеркәсібі ЖІӨ-нің 14,1%-ын қамтамасыз етіп, үлесі 12,4% болған өндіруші сектордан асып түсті. Тоғыз айда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 8,6%-ға, машина жасауда 22,8%-ға, химия өнеркәсібінде 23,4%-ға, фармацевтикада 30,9%-ға өсті. Осы кезеңде өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялар 40,1%-ға артты. Бұл көрсеткіш барлық көздерден салынған қаражатты қамтиды және елдің өндірістік базасының кеңеюін сипаттайды. Жаңа өндірістік қуаттар неғұрлым күрделі өнім шығаруға, отандық жеткізушілерді дамытуға және экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Технологияларды табысты берудің басты шарты — Қазақстанның адами капиталы. Елге заманауи жабдықтармен жұмыс істей алатын, өндірістік процестерді басқаратын және халықаралық сапа стандарттарының сақталуын қамтамасыз ететін мамандар қажет. Білім беру, кәсіптік даярлық және қазақстандықтардың жаңа білімге ашықтығы осындай ынтымақтастықтың негізін қалайды. Әлемдік корпорациялармен жұмыс істеу инженерлерімізге, технологтарымыз бен басқарушы мамандарымызға озық әдістерді тікелей өндіріс орнында меңгеруге мүмкіндік береді. Игерілген құзыреттер жергілікті жеткізушілер мен сервистік компаниялар арқылы таралып, отандық іскерлік тәжірибенің бір бөлігіне айналады. Қазақстандық мамандардың технологияларды өз бетінше қолдануы, жетілдіруі және әріптестеріне үйретуі ерекше құнды.
Инвестициялық саясаттың практикалық мәні — өндірістің өсуі азаматтар мен отандық бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуі тиіс. 2025 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік ЖІӨ-нің 40,9%-ын қамтамасыз етті, бұл секторда 4,5 миллионнан астам адам еңбек етті. Мұндай кәсіпорындарды халықаралық компаниялардың жобаларына тарту жаңа тапсырыстарға, сапа талаптарына және өткізу нарықтарына жол ашады. Қызметкерлер үшін бұл — кәсіби өсу және жоғары біліктілікті талап ететін жұмыспен қамтылу мүмкіндігі. Өңірлер үшін — өндіріс, инфрақұрылым және қызмет көрсету салаларының дамуы. Сондықтан шетелдік инвестициялардың ұзақмерзімді құндылығы Қазақстан ішінде қаншалықты білім, технология және өндірістік құзырет орнығатынымен айқындалады.
Мемлекет басшысы атап өткен 155 миллиард доллар көлеміндегі тартылған инвестиция халықаралық сенімнің ауқымын көрсетіп, дамудың келесі кезеңіне негіз қалайды. Мемлекеттік саясат осы әлеуетті жүйелі түрде заманауи кәсіпорындарға, сапалы жұмыс орындарына және әл-ауқаттың артуына айналдыруы тиіс. Қазақстанның басты әрі ең құнды байлығы — халқымыз — әрбір инвестициялық жобаның нәтижелілігін айқындайды. Халықаралық капиталды қазақстандықтардың білімімен, бастамашылдығымен және кәсіби дағдыларымен ұштастыру ел ішінде көбірек қосылған құн қалыптастыруға және оның экономикалық дербестігін нығайтуға мүмкіндік береді


