Skip to content
Басты бет » Көлік инфрақұрылымы Қазақстанның экономикалық өсу факторы ретінде

Көлік инфрақұрылымы Қазақстанның экономикалық өсу факторы ретінде

Бибігүл Өмірбаева,

Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің басшысы

Халықаралық сауда бағыттары мен жаһандық жеткізу тізбектері өзгеріп жатқан жағдайда көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие болуда. Елдің Еуропа мен Азия арасындағы көлік дәліздерінің торабында орналасуы транзиттік тасымалдарды ұлғайтуға, сыртқы экономикалық байланыстарды әртараптандыруға және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Республика күніне арналған салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміз Еуразиядағы жетекші көлік-логистика хабы ретіндегі орнын нығайтып келеді. Әуежайлар, вокзалдар, көпірлер, теңіз айлақтары салынып, жаңғыртылуда, шекара маңындағы инфрақұрылым жаңартылуда. Бұл маңызды жұмыс алдағы уақытта да жалғасады», – деп атап өтті. Белгіленген басымдық автомобиль және теміржол жолдарының, теңіз порттары мен шекара өткелдерінің өзара байланысын қамтамасыз ететін көлік жүйесін кешенді дамытуды көздейді.

Соңғы жеті жылда Қазақстанда 36,3 мың шақырым автомобиль жолы салынып, жөнделді, оның ішінде 28,1 мың шақырымы соңғы бес жылда жүзеге асырылды. Шамамен 5 мың шақырым теміржол салынды және жаңғыртылды. Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Алматы, Атырау – Астрахан, Қалбатау – Майқапшағай бағыттарында ірі автомобиль жолы жобалары іске асырылды. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір пайдалануға берілді. Жол желісінің дамуы халықтың мобильділігін арттырып, өңірлік өндіріс орталықтары арасындағы көлік қатынасын жақсартады және ішкі әрі халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Теміржол саласындағы маңызды нәтижелердің бірі – Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдардың салынуы. Соның арқасында бағыттың өткізу қабілеті тәулігіне 12 жұп пойыздан 60 жұп пойызға дейін артты. Мойынты – Қызылжар, Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз бағыттарында жобалар іске асырылуда. Теміржол желісін дамыту жүк ағындарын қайта бөлуге, қолданыстағы магистральдарға түсетін жүктемені азайтуға және ішкі әрі халықаралық тасымалдардың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Инфрақұрылымдық инвестициялардың экономикалық қайтарымы транзиттік тасымалдар серпінінен байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан арқылы өткен транзиттің жалпы көлемі 36,9 млн тоннаға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,6%-ға өсті. Теміржол транзиті шамамен 33 млн тоннаны құрап, 20%-ға жуық өсім көрсетті. Теміржол транзитінің озық қарқынмен өсуі Еуразиялық жүк тасымалдары жүйесінде Қазақстан арқылы өтетін бағыттарға сұраныстың артқанын көрсетеді.

Елдің көлік-логистика жүйесінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты ерекше орын алады. Дәстүрлі логистикалық тізбектер өзгеріп жатқан жағдайда бұл бағытты дамыту транзит бағыттарын әртараптандыруға ықпал етіп, Оңтүстік Кавказ, Түркия және Еуропа нарықтарына қолжетімділікті кеңейтеді. Транскаспий бағыты бойынша тасымал көлемі 2020 жылғы 0,8 млн тоннадан 2025 жылы 4,1 млн тоннаға дейін, яғни бес еседен астам өсті. 2025 жылы контейнерлік тасымалдар 36%-ға ұлғайып, 77 мың ЖФЭ-ге жетті. Контейнерлік тасымалдардың өсуі терминал қуаттарына, теміржол және теңіз операцияларының үйлесімділігіне, сондай-ақ мультимодальды логистика сапасына қойылатын талаптарды күшейтеді. Каспий бағытында Ақтау және Құрық теңіз порттары шешуші рөл атқарады. Ақтауда контейнерлік хаб құру және Құрықтың терминал инфрақұрылымын дамыту теміржол мен теңіз көлігінің өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін кеңейтеді. Жүктерді жеткізу мерзімі мен құны осы өзара іс-қимылдың тиімділігіне байланысты.

Қазақстан аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Олардың бәсекеге қабілеттілігі инфрақұрылымның жай-күйіне ғана емес, шекарадан өту жылдамдығына, тарифтердің үйлесімділігіне және тасымалдарды цифрландыру деңгейіне де байланысты. Digital Trade Corridor, Tez Customs және CargoRuqSat платформалары құжат айналымын автоматтандыруға, жүктерді ресімдеуді жеңілдетуге және шекаралық рәсімдердің ашықтығын арттыруға ықпал етеді. Автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту және

бақылауды автоматтандыру нәтижесінде жаңартылған пункттер арқылы жүк көліктерінің өтуінің орташа уақыты 9 сағаттан шамамен 30 минутқа дейін қысқарды. Теміржол көлігінде транзиттік декларацияларды шығаруды автоматтандыру бір контейнерлік пойызды ресімдеу уақытын 3 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Халықаралық тасымалдаушылар үшін бағытты таңдауда әкімшілік шығындардың азаюы мен жеткізу мерзімдерінің болжамдылығы аса маңызды.

Халықаралық көлік дәліздерін дамыту экономиканы құрылымдық әртараптандыруға алғышарттар жасайды. Көлік қолжетімділігінің жақсаруы отандық кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтіп, шекара маңындағы өндірістік тораптардың қалыптасуына ықпал етеді және өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Өңдеу өнеркәсібінде, агрологистикада, қойма шаруашылығында және ілеспе қызмет көрсету салаларында қосымша әлеует қалыптасады. Бұл ретте экономикалық әсердің ауқымы инфрақұрылымдық жобалардың өнеркәсіптік және өңірлік саясатпен үйлесімділігіне байланысты.

Осылайша, көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту Қазақстанның Еуразиялық логистика жүйесіндегі орнын нығайтып, ұлттық экономиканы дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Сонымен бірге инфрақұрылымдық инвестициялардың ұзақмерзімді қайтарымы транзит көлемімен ғана емес, көлік дәліздерінің отандық өндіріспен ықпалдасу дәрежесімен де айқындалады. Халықаралық дәліздер бойында өнеркәсіп пен логистикалық қызметтерді дамыту экспорттық әлеуетті кеңейтуге, өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және Қазақстанның географиялық орналасуын орнықты экономикалық артықшылыққа айналдыруға мүмкіндік береді.