Skip to content
Басты бет » «Көпірден» орта державаға дейін: Қазақстанның әлемдегі жаңа рөлі

«Көпірден» орта державаға дейін: Қазақстанның әлемдегі жаңа рөлі


Айша Мұқашева,

Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің басшысы

Республика күніне орай жасаған соңғы сөзінде Президент Тоқаев Қазақстанның әлемге дамыған, тұрақты, зайырлы мемлекет ретінде танылғанын және орта держава ретінде әлемдік тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Беделді шетелдік Cambridge Core басылымында «орта держава» (middle power) ұғымы аумақтың көлемі немесе жалпы ішкі өнім мөлшері арқылы емес, мемлекеттің іс-әрекеті арқылы айқындалады. Атап айтқанда, бұл – ірі державалардың ықпалын тежеу үшін көпжақты институттарды пайдалануға ұмтылу, белгілі бір бағыттарда маманданған дипломатияны дамыту және жұмсақ күш тетіктерін қолдану. Басқаша айтқанда, бұл – жаһандық үстемдікке ұмтылмайтын, бірақ салыстырмалы артықшылықтары бар салаларда ойын ережелерін қалыптастыруға белсенді қатысатын мемлекет.

Бұған дейінгі риторикамызда біз өзімізді «Еуразия жүрегі» немесе «Еуропа мен Азия арасындағы көпір» деп атайтынбыз. Тоқаев 2020 жылғы сұхбатында Қазақстанның «саяси және өркениеттік тұрғыдан Шығыс пен Батысты байланыстыратын буынға айналуға» ұмтылатынын мәлімдеп, елімізді «Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік сауда көпірі» деп атаған болатын. Географиялық орналасу ұлттық бірегейлігіміздің қалыптасуында маңызды рөл атқарды: біз арқылы түрлі бағыттар өтетіндіктен, біз маңызды саналдық.

Риториканың өзгеруі жаңа бір ұстанымды білдіреді: Қазақстан енді өзгелер жүріп өтетін жай ғана «көпір» болғысы келмейді. «Орта держава» ұғымы халықаралық қатынастардағы дербес субъект болуға деген ұмтылысты білдіреді. Е. Сейлеханов «Орта державалар әлемдік геосаясат факторы ретінде» атты еңбегінде атап өткендей, ірі және орта державалардың арасындағы шекара барған сайын икемді сипатқа ие болуда, ал негізгі өлшем «халықаралық мінез-құлық пен амбициялардың ауқымына» айналып отыр. Яғни мәселе мемлекеттің қаншалықты үлкен екенінде емес, оның дербес әрекет етуге және өңірлік әрі жаһандық күн тәртібіне қатысты жауапкершілікті өз мойнына алуға қаншалықты дайын екенінде.

Сыртқы бақылаушы үшін бұл – Қазақстанмен Ресей мен Қытай арасындағы «транзиттік аумақ» ретінде ғана емес, серіктестерін өзі таңдайтын, диалог алаңдарын ұсынатын және ірі державалар ортақ келісімге келе алмайтын жағдайларда делдал болуға дайын дербес ойыншы ретінде қарым-қатынас орнатуға болатынын білдіретін белгі. Көпір жағалауларды жалғайды, бірақ өзі қозғалыссыз қалады. Ал орта держава – бұл енді көпір емес, әртүрлі күш орталықтарының мүдделері тоғысатын, алайда олардың өзара іс-қимылы біз белгілеген ережелерге сай жүзеге асатын өзіндік бір хаб, маңызды торап.