Айгүл Көшербаева,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Ғалым хатшысы
Республика күні мемлекеттік егемендіктің беріктігі бүгінде немен қамтамасыз етілетініне назар аудартады. Президенттің сөзінде бұл тақырып экономиканы дамыту, халықаралық байланыстарды нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру арқылы ашылады. «Біз ұлттық экономиканың әлеуетін нығайтуға бірінші кезекте көңіл бөлеміз», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл сөздер маңызды бағдар береді: елдің дербестігі өндірісті дамыту, бастамаларды қолдау және жаңа ұрпақ үшін мүмкіндіктер жасау қабілеті арқылы нығаяды.
Қазақстан үшін өнеркәсіптің, инфрақұрылымның және адами капиталдың үйлесімді дамуы ерекше маңызды. Кәсіпорындарға білікті мамандар, бизнеске нарықтарға қолжетімділік, өңірлерге инвестициялар мен жұмыс орындары қажет. Сондықтан ірі жобалардың құндылығы олардың қалалар мен ауылдардың өміріне қандай өзгерістер әкелетінімен де айқындалады: жергілікті жеткізушілер, сұранысқа ие мамандықтар және жастар үшін жаңа перспективалар пайда бола ма – мәселе осында.
Бұл күн тәртібінде инвестициялық саясат маңызды орын алады. Президент сөзінде келтірілген деректерге сәйкес, соңғы жеті жылда тартылған шетелдік инвестициялар көлемі 155 млрд долларға жетті. Жыл басынан бері жалпы сомасы 60 млрд доллар болатын 355 коммерциялық келісімге қол қойылды. Келісімдердің ауқымы халықаралық ынтымақтастықтың әлеуетін көрсетеді. Оны іске асыру жобаларды жүйелі түрде сүйемелдеуді және олардың экономикалық қайтарымына назар аударуды талап етеді.
Әсіресе технологиялар әкелетін, еңбек өнімділігін арттыратын және қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік тізбектерге қатысуын кеңейтетін инвестициялар маңызды. Елдің көліктік-географиялық орналасуы қосымша мүмкіндіктер ашады. Еуропа мен Азия арасындағы бағыттарды дамыту өңдеу саласын, логистикалық қызметтерді және өңірлердің іскерлік белсенділігін қолдай алады. Инфрақұрылым айналасында тұрақты жұмыспен қамту мен табысты қамтамасыз ететін экономикалық қызметтің қалыптасуы маңызды.
Кәсіпкерлік қазірдің өзінде маңызды экономикалық және әлеуметтік тірекке айналды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің ЖІӨ-дегі үлесі 40,9%-ды құрады, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 38,9% болған. 2026 жылдың басында осы секторда 4,53 млн адам жұмыс істеді. Бұл көрсеткіштердің артында әл-ауқаты бизнестің тұрақтылығына және өз ісін дамыту мүмкіндігіне байланысты миллиондаған отбасы тұр.
Мұндай экономикалық негіз басқару сапасына қойылатын талаптарды күшейтеді. Good Governance – тиімді басқару қағидаттарының, атап айтқанда заң үстемдігі, ашықтық, есеп берушілік, азаматтардың қатысуы және нәтижеліліктің тікелей практикалық маңызы бар. Болжамды әрі тұрақты ережелер ұзақ мерзімді инвестиция салуға мүмкіндік береді, ашық рәсімдер шығындарды азайтады, ал шешімдердің жауапкершілікпен орындалуы сенімді нығайтады.
Әлемдік ауқымда Қазақстан цифрлық мемлекеттік басқару саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. БҰҰ-ның 2024 жылғы электрондық үкімет рейтингінде еліміз 24-орынға ие болды. Дүниежүзілік банктің 2025 жылғы GovTech бағалауында Қазақстан ең жоғары А тобына енгізілді. Бұл қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, мемлекетпен өзара іс-қимылды жеңілдетуге және цифрлық экономиканы одан әрі дамытуға маңызды негіз қалайды.
Еңбек адамдарының еңбегін мойындау ерекше маңызға ие. Жұмысшылардың, педагогтердің, медицина қызметкерлерінің, ғалымдар мен кәсіпкерлердің кәсібилігін құрметтеу қоғам үшін айқын құндылық бағдарларын қалыптастырады.
Халықаралық байланыстар мен экономикалық жетістіктер ішкі даму міндеттерін шешу арқылы ұзақ мерзімді мәнге ие болады. Инвестициялар лайықты жұмыс орындарын ашуға, цифрландыру азаматтардың уақытын үнемдеуге, ал инфрақұрылым өңірлердің мүмкіндіктерін кеңейтуге тиіс. Осындай нақты нәтижелер арқылы мемлекетке деген сенім нығайып, Әділетті Қазақстан идеясы практикалық мазмұнға ие болады.


