Skip to content
Басты бет » Инвестициялық саясат – елдің экономикалық дербестігінің тірегі

Инвестициялық саясат – елдің экономикалық дербестігінің тірегі

Әсел Әбен,

Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан елдің экономикалық дербестігін нығайтуға және оның ұзақ мерзімді дамуына жағдай жасауға бағытталған инвестициялық саясатты қалыптастырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай сөйлеген сөзінде тартылған инвестициялардың мемлекеттілікті нығайтудағы маңызын атап өтті. Сыртқы күрделі күйзелістерге қарамастан, еліміз халықаралық бизнеспен әріптестікті сақтап, ірі өндірістік жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін кеңейтті.

Мемлекет басшысы атап өткендей, соңғы жеті жылда Қазақстан 155 млрд доллар шетелдік инвестицияны тартты. Бұл көрсеткіштің ауқымы елдің жоғары белгісіздік жағдайында ұзақ мерзімді іскерлік байланыстарды сақтай алатынын көрсетеді. 2026 жылдың басынан бері 60 млрд долларға 355 коммерциялық келісімге қол қойылды. Бұл — шетелдік сапарлар мен жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шараларға қатысудың нақты экономикалық пайдасының айғағы. Аталған уағдаластықтар алдағы инвестициялық жұмыс пен елімізде жаңа жобаларды іске қосудың негізін қалайды.

Менің ойымша, Қазақстанның маңызды жетістіктерінің бірі – дәстүрлі экспорттық салаларды дамытуды өңдеу өнеркәсібі мен жаңа өндірістік тізбектерге капитал тартумен ұштастыруы. Мұндай үйлесім экономиканың қалыптасқан артықшылықтарын пайдалануға, сонымен қатар болашақ өсім көздерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бұған 2021 жылы толық жобалық қуатына шыққан, қуаты 100 МВт Жаңатас жел электр станциясы жарқын мысал бола алады. Жобаның құны шамамен 130 млн АҚШ долларын құрады және ол халықаралық әрі шетелдік серіктестердің (ЕҚДБ, қытайлық CPIH компаниясы және Visor Investment Coöperatief) қатысуымен қаржыландырылды. Қазақстан үшін бұл жобаның маңызы – өз электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайту және жаңартылатын энергетиканың заманауи технологияларын игеру. Мұндай инвестициялар өнеркәсіп пен өңірлердің орнықты дамуына қажетті әртараптандырылған энергетикалық базаны қалыптастырады.

Инвестициялық саясаттың маңызды жетістігі – ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу саласында халықаралық компаниялардың қатысуын кеңейту. Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу жобасы (Fufeng Group) іске қосылды. Бірінші кезеңде 350 млн доллар инвестиция салу және жылына 500 мың тоннаға дейін шикізат өңдеу көзделген. Бұл жобаның маңызы бір кәсіпорынның аясынан асып түседі: ол ауыл шаруашылығын қосылған құны жоғары өнім өндірумен байланыстыратын өндірістік тізбекті қалыптастыруға жол ашады.

2025 жылы Алматы индустриялық аймағында Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) мультибрендті автомобиль зауыты ресми түрде жұмысын бастады. Мұндай жобалардың маңызы – заманауи өндірістік технологияларды игеру, инженерлік құзыреттерді дамыту және отандық автомобиль өнеркәсібінің өркендеуіне мүмкіндік жасау. Демек, осындай кәсіпорындар елдің өнеркәсіптік базасын кеңейтіп, өндірісті жергіліктендіру деңгейін тереңдетуге жағдай жасайды.

Дәл осындай жобалар арқылы экономикалық тұрақтылық қалыптасады және елдің тәуелсіздігі нығаяды – оның өндірістік базасы кеңейтіледі, жаңа технологиялар игеріледі және отандық мамандардың құзыреттілігі артады. Елдің қаржылық тұрақтылығының тағы бір дәлелі 2026 жылдың тамыз айында S&P Global Ratings егеменді несиелік рейтингін BBB деңгейінен болжамы «тұрақты» деп белгіленген BBB-ге дейін көтеруі болды. Агенттік экономиканың жаһандық белгісіздікке төзімділігін, айтарлықтай сыртқы резервтерді және макроэкономикалық саясаттың күшеюін атап өтті.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы шешімін таппаған міндеттер бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Мұны жетістіктерді бағалаудағы маңызды бағдар деп қарастырған жөн. Тартылған капитал жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар еңбек өнімділігін арттырып, экспортты кеңейтіп, отандық бизнеске тапсырыстар беріп, білікті жұмыспен қамтуды қамтамасыз еткен жағдайда ғана экономиканы толыққанды нығайтады. Жаңа жобалар жүзеге асқан сайын болып жатқан өзгерістердің тереңдігін дәл осы нәтижелер айқындайтын болады.

Осылайша, Қазақстанның соңғы жылдардағы инвестициялық жетістіктері елдің экономикалық мүмкіндіктері кеңейгенін көрсетеді. Халықаралық серіктестер сенімінің сақталуы, ірі жобалардың жүзеге асырылуы және жаңа өндірістік байланыстардың дамуы азаматтардың әл-ауқатын одан әрі арттыруға және егемендіктің экономикалық негізін нығайтуға ресурс қалыптастырады.