Әсел Әбен,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында саяси жаңғырудың маңызын және экономиканы жаңғыртудың нақты міндеттерін шешуге көшу қажеттігін атап өтті. 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция басқару жүйесін одан әрі өзгертуге құқықтық негіз қалыптастырды. Мемлекет басшысы атап өткендей, оның қабылдануы саяси жүйені жаңғыртуға және жаңа билік институттарын құруға серпін берді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл өзгерістердің мәні мемлекеттің дамуға кедергі келтіретін тосқауылдарды жедел жою, сапалы шешімдер қабылдау және оларды жүйелі түрде нақты нәтижеге жеткізу қабілетінен көрінеді.
Қазіргі уақытта Қазақстан бұл кезеңге экономикалық әлеуеті арта түскен жағдайда қадам басып отыр. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) соңғы бағалауы бойынша, 2026 жылы елдің номиналды жалпы ішкі өнімі 397,92 млрд доллар деңгейінде болжанып отыр. Бұл көрсеткіш Қазақстанды әлем экономикалары арасында 47-орынға шығарады. ХВҚ-ның қазан айындағы болжамына сәйкес, Қазақстанның нақты ЖІӨ өсімі 4,4%-ды, ал әлемдік экономиканың өсімі 3,1%-ды құрайды. Демек, Қазақстанның күтілетін өсім қарқыны әлемдік орташа деңгейден шамамен 1,4 есе жоғары. Алайда экономика ауқымының ұлғаюы басқару сапасына қойылатын талаптарды да күшейтеді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде экономика дамуы үшін стратегиялық маңызы бар бағыттарды атап өтті. Олардың қатарында инфрақұрылым, энергиямен қамтамасыз ету, көлік байланыстары, инвестициялар және цифрландыру бар. Дәл осы салаларда жаңартылған институттар үйлестірілген жоспарлау, болжамды әрі тұрақты қағидалар, орындалу үшін жауапкершілік және мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалану арқылы экономикалық өсімнің сапасын арттыруға тиіс. Олардың маңызына тоқталайық.
Бірінші бағыт – ауқымды инфрақұрылымдық бағдарлама. 2029 жылдың соңына дейін сұранысқа ие әлеуметтік, көлік және инженерлік нысандарды салуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау көзделген. Жолдаудағы инфрақұрылымға басымдық беру ұзақ мерзімді мәнге ие: ол жеке инвестициялар мен кәсіпкерліктің дамуына, жұмыс орындарының ашылуына және сапалы экономикалық өсімге мүмкіндік береді. Бастаманың ауқымы өңірлерде жиналған мәселелерді кешенді түрде шешуге жағдай жасайды.
Екінші бағыт – экономикалық өсімді энергиямен қамтамасыз ету. Президент 2029 жылға қарай тұрақты энергия профицитіне қол жеткізу және 2035 жылға дейінгі бірыңғай ұзақ мерзімді энергетикалық теңгерімді өзектендіру міндетін қойды. Энергиямен жабдықтаудың сенімділігі өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігіне, өңдеу саласының дамуына және цифрлық инфрақұрылымды орналастыру мүмкіндігіне тікелей әсер етеді. Сапалы энергетикалық теңгерім өнеркәсіптік, өңірлік және инвестициялық саясатты іске асырудың іргелі негізі болып саналады.
Үшінші бағыт – көлік-транзит жүйесін нығайту. Мемлекет басшысының автомобиль жолдары мен көлік бағыттарын сапалы салуға басымдық беруі осы инфрақұрылымның бүкіл экономика үшін маңызын көрсетеді. Сенімді көлік қатынасы тасымалдау шығындарын азайтады, өндірушілердің тұтынушыларға қолжетімділігін кеңейтеді және өңірлік кәсіпорындардың жеткізу тізбектеріне қосылуын жеңілдетеді.
Төртінші бағыт – инвестиция тартуды бірыңғай үйлестіру. Президент белгілеген бұл жұмысты орталықтандырылған басқаруды жетілдіру міндеті мемлекеттік органдардың келісілген іс-қимылына деген қажеттілікке жауап береді. Инвестор елге келген кезде бірқатар бюрократиялық рәсімнен өтеді. Бір кезеңдегі кідіріс бүкіл жобаның мерзімі мен құнына әсер етуі мүмкін. Сондықтан бірыңғай жүйе, ең алдымен, жауапкершілікті бөлудің тетігі ретінде маңызға ие. Соның нәтижесінде келісімнен бастап нақты жұмыс істейтін кәсіпорынға дейінгі жол анағұрлым болжамды болады.
Бесінші бағыт – экономиканы цифрландыру. Оның экономикалық өсім сапасына қосатын үлесі рәсімдерге жұмсалатын уақытты қысқартудан, жоспарлау дәлдігін арттырудан және ресурстарды неғұрлым тиімді пайдаланудан көрінеді. Мемлекет үшін бұл барлық салада мемлекеттік басқару сапасын жақсартуды, ашықтықты, қолжетімділікті, құқықтарды қорғауды және есептілікті қамтамасыз етуді білдіреді.
Сонымен қатар технологиялық жаңару білікті кадрларды қажет етеді. Энергетикалық жобалар, заманауи логистика және цифрлық өндірістер инженерлерге, техникалық мамандарға және басқарушы кадрларға сұранысты арттырады. Сондықтан адами капиталды дамыту аталған басымдықтардың барлығын өзара байланыстырады. Елдің қалыптастырылып жатқан инфрақұрылым мен тартылған технологияларды қаншалықты толық пайдалана алатыны адами капиталдың даму деңгейіне байланысты.
Осылайша, Президент айқындаған бағыт экономика көлемін ұлғайтудан оның тиімділігін арттыруға көшуге негіз қалайды. Инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық тұрақтылық, инвестицияларды үйлестіру және цифрландыру бір-бірінің нәтижесін күшейте алады. Аталған міндеттерді дәйекті іске асыру Қазақстанның экономикалық әлеуетін нақты нәтижеге айналдырып, бәсекеге қабілетті дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


