Skip to content
Басты бет » МСАК-ты дамыту: қолжетімді медициналық көмек медицина қызметкерін қолдаудан басталады

МСАК-ты дамыту: қолжетімді медициналық көмек медицина қызметкерін қолдаудан басталады

Бибігүл Өмірбаева,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің басшысы

28 қазанда Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) нығайту жөніндегі міндеттерді айқындады. Атап айтқанда, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейту, МСАК-ты қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту және учаскелік қызмет мамандарының еңбекақысын арттыру мәселелеріне назар аударылды. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үздіксіз еңбек өтіліне байланысты еңбекақыны 40%-ға дейін арттыру тапсырылды. Бұл шара 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Менің ойымша, бұл шешімдерді кешенді түрде қарастыру қажет. Медициналық көмектің қолжетімділігі емханалар мен медициналық пункттердің санына ғана емес, пациенттерді тұрақты бақылаумен қамтамасыз ете алатын мамандардың болуына да байланысты. Бұл әсіресе жүйелі тексеруден өтуді, емдеу тәсілдерін уақтылы түзетуді және медициналық көмектің сабақтастығын қажет ететін созылмалы аурулары бар адамдар үшін маңызды.

Соңғы бес жылда Қазақстанда мыңнан астам жаңа медициналық мекеме ашылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша дәрігер кадрларының тапшылығы 2023 жылмен салыстырғанда 20,4%-ға, ал ауылдық жерлерде 28,3%-ға қысқарды. Алайда жалпы практика дәрігерлері, терапевтер мен педиатрлар әлі де сұранысқа ие мамандар қатарында қалып отыр. Бұл инфрақұрылымды дамытумен қатар, медицина қызметкерлерін жұмыс орындарында тұрақтандыруға бағытталған шараларды да жүзеге асыру қажеттігін көрсетеді.

Алғашқы медициналық-санитариялық көмек буыны үшін учаскелік медициналық команданың тұрақтылығы ерекше маңызды. Пациенттерді ұзақ уақыт бойы бақылап жүрген дәрігер олардың ауру тарихын, емдеу ерекшеліктері мен қауіп факторларын жақсы біледі. Мамандардың жиі ауысуы медициналық бақылаудың жүйелілігін бұзып, халықтың сенімін төмендетуі мүмкін. Сондықтан үздіксіз еңбек өтілін ескере отырып, еңбекақыны арттыруды әлеуметтік қолдау шарасы ретінде ғана емес, сонымен қатар кадрларды сақтап қалудың тиімді құралы ретінде де қарастырған жөн.

Жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейту де тиісті жағдай жасауды талап етеді. Қосымша функцияларды беру кәсіби даярлықпен, жауапкершілік аясын нақты бөлумен және шамадан тыс әкімшілік жүктемені азайтумен қатар жүруі тиіс. Дәрігердің диагностика жүргізуге, аурулардың алдын алуға және пациенттермен тікелей жұмыс істеуге жеткілікті уақыты болуы маңызды.

Осы тұрғыда «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі және олардың қызметіне берілетін кепілдіктер туралы» заң жобасын әзірлеу ерекше мәнге ие. Оны талқылау мамандардың құқықтық және әлеуметтік қорғалуын күшейтуге, мамандықтың беделін арттыруға және тұрақты еңбек жағдайларын қалыптастыруға бағытталған.

Меніңше, жүргізіліп жатқан өзгерістердің тиімділігін айқындайтын басты көрсеткіш халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігі болуы тиіс. Нәтижелерді жаңа медициналық нысандардың саны мен кадр тапшылығының қысқаруы бойынша ғана емес, сондай-ақ дәрігер қабылдауын күту мерзімі, медициналық тексерулердің уақтылы жүргізілуі және пациенттерді бақылау сапасы арқылы да бағалау маңызды.

Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту мен медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесін нығайту ортақ міндетті шешуге бағытталған. Лайықты еңбекақы, нақты айқындалған өкілеттіктер және тұрақты еңбек жағдайлары білікті мамандарды сақтап қалуға, сол арқылы халықты уақтылы әрі сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан медицина қызметкерлерін қолдау денсаулық сақтау жүйесінің алғашқы буынын дамытудың негізгі шарттарының бірі болып қала беруі тиіс.