Берік Қадыров,
Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас сарапшысы,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-ың Абай облысы бойынша өкілі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының алдағы бағыттары айқындалып, құрылымдық реформаларды жеделдетудің маңызы ерекше атап өтілді. Жолдаудағы негізгі міндет – құрылымдық экономикалық реформаларды халықтың тұрмыс сапасын арттырумен ұштастырып, әр өңірдің әлеуетін тиімді пайдалану.
Бұл ретте жалпы инфрақұрылымды жаңғырту мәселесінің маңыздылығына ерекше наузар аударылды. Президент Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін атап, үкіметке бұрын-соңды болмаған инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді.
Бұл, әсіресе өңірлердің инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге, жаңа әлеуметтік нысандар салуға, жұмыс орындарын ашуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін маңызды бастама.
Аталған мәселе Абай облысы үшін аса өзекті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 56,3 пайызды құрап, республикадағы ең төмен көрсеткіштердің бірі болды. Сондықтан алдағы инфрақұрылымдық жаңғыру бастамалары облыстың құрылымдық дамуына тың серпін береді деп есептеймін.
Сонымен қатар, бүгінгі Жолдауда Президент әлемдік деңгейде азық-түлік тапшылығы туындауы ықтимал жағдайда Қазақстанның Еуразияны азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі орталықтардың біріне айналу мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына жасанды интеллект технологияларын енгізу, су ресурстарын тиімді пайдалану және өнімді терең өңдеу қажеттігіне назар аударды. Бұл – мемлекет үшін ғана емес, аграрлық әлеуеті жоғары жекелеген өңірлер үшін стратегиялық мүмкіндік. Алайда оған қол жеткізу үшін өндіріс көлемін арттырумен қатар, заманауи технологияларды енгізу, су үнемдеу тәсілдерін дамыту, инвестиция тарту және дайын өнімді сыртқы нарықтарға шығаруға жағдай жасау қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, Абай облысының ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мүмкіндігі мол. 2025 жылы өңірдің ауыл шаруашылығы саласына тартылған тікелей инвестициялар көлемі 45,2 пайызға өсіп, 63 млрд теңгеге жеткен. Ал 2026–2028 жылдары жалпы құны 77,3 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында Жаңасемей ауданында жылына 11 400 тонна ет пен ет өнімдерін терең өңдейтін, құны 7,7 млрд теңгелік өндірістік кешеннің құрылысы және «Qazaq Astyq Group» компаниясының Семей қаласында күнбағыс майын тазарту, құю және қаптау цехын салу жобасы жүзеге асырылуда (жалпы құны 7,1 млрд тн, 100-ден астам жаңа жұмыс орны).
Жолдаудағы тағы бір маңызды бағыт — мемлекет басшысының өңірлер өздерінің басымдықтарын айқындап, білім, өндіріс, логистика және инновациялық технологияларды өзара сабақтастықта дамытуы қажет деген ұстанымы өте орынды. Менің ойымша, әр өңірдің экономикалық, шаруашылық мамандануын қалыптастырып, өндіріс пен білім беру жүйесінің байланысын нығайту орнықты өсудің маңызды шарты болмақ.
Бұл ретте шағын және орта бизнестің рөлі ерекше. Бүгінде оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетіп отыр. Дегенмен, кәсіпкерлік құрылымында сауда саласының үлесі басым. Сауда саласының ауқымы өңір экономикасындағы маңызды орнын көрсеткенімен, ұзақ мерзімді әрі орнықты өсімге қол жеткізу үшін шикізатты және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, нақты өндіріс секторына көбірек басымдық беру қажет.
Қорыта айтқанда, Жолдау ел экономикасын жаңғыртуға, өңірлердің әлеуетін ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық бағдар. Оның негізгі міндеттерін жүзеге асыру әр облыстың өз басымдықтарын нақты айқындап, қолда бар ресурстарды тиімді пайдалануына байланысты.
Жолдау – мемлекеттің барлық құрылымдарына, әсіресе жаңадан қалыптасқан институттарға, әрбір қазақстандыққа үлкен жауапкершілік жүктейді. Елдің дамуы тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, әр азаматтың белсенділігі мен бірлігі арқылы жүзеге асады. Сондықтан Жолдауда айтылған бастамаларды қолдап, оны жүзеге асыруға атсалысу – ортақ міндет.


