Темірлан Әбуғали,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы
Президент Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің сыртқы саясатына тікелей қатысы бар инфрақұрылымдық және экономикалық дамудың бірқатар басымдығын айқындады. Атап айтқанда, көлік бағыттарын дамытуға, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сирек және айрықша маңызды металдардың қорын қалыптастыруға, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын енгізу және су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру арқылы ауыл шаруашылығының мүмкіндіктерін кеңейтуге назар аударылды. Жиынтығында бұл бағыттар Қазақстанның халықаралық аренадағы субъектілігін нығайтуға және сыртқы геосаяси әрі экономикалық күйзелістерге төзімділігін арттыруға деген ұмтылысын көрсетеді.
Біріншіден, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Халықаралық ахуал тұрақсыз әрі теңіз жолдарына қатысты белгісіздік сақталып отырған жағдайда құрлықтағы көлік дәліздерінің маңызы арта түсуде. Президент келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосу жоспарланғанын атап өтті, бұл Қытаймен арадағы жүк тасымалының өткізу қабілетін 20 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Транскаспий бағыты бойынша қашықтықты шамамен 1 мың шақырымға қысқартуы тиіс «Арал – Каспий» күре жолының құрылысын бастау жоспарлануда.
Орта дәліздің маңызы артып келе жатқанын нақты көрсеткіштер де растайды. Президенттің айтуынша, бүгінде Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Оның үстіне, биылғы алғашқы сегіз айда Транскаспий бағыты бойынша тасымал көлемі 58%-ға өсіп, 44 мың контейнерден асты.
Осы тұрғыда еліміз бойынша республикалық та, жергілікті де маңызы бар автомобиль жолдарын сапалы салудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл тар өткелдерді жою, логистикалық шығындарды азайту және құрғақ порттар мен шекара маңындағы хабтардың ел өңірлерімен көліктік байланысын жақсарту арқылы трансшекаралық тасымалдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Басты міндет – Қазақстанды транзиттік аумақтан Еуразиядағы жетекші логистикалық орталыққа айналдыру. Бұл жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген бес трансшекаралық хабты дамыту. Есептеулерге сәйкес, оларды құру шикізаттық емес экспортты 30%-ға ұлғайтуға ықпал етеді.
Көлік бағыттарын цифрлық тұрғыдан ықпалдастыру да маңызды аспект болып қала береді. Қазақстан мен Әзербайжан кеден органдары арасында электрондық құжат айналымы мен деректер алмасуды қазірдің өзінде енгізіп жатыр. Келесі қадам – бұл тетіктерді Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың басқа елдеріне де тарату. Бұл жүктерді қадағалауға арналған бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Президент сондай-ақ көлік тораптарының айналасында өндірістер мен сауда алаңдарын дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл жүк ағындарындағы қазіргі теңгерімсіздікті ескергенде ерекше өзекті: Қытайдан шыққан пойыздар батыс бағытқа, әдетте, толық жүкпен жүріп, кері жолда көбіне бос қайтады, бұл тасымал құнын арттырады. Орта дәліздің одан әрі дамуы көп жағдайда өңір елдерінің Шығыс Азия нарықтарында сұранысқа ие тауарлар өндірісін жолға қоя алуына байланысты болмақ.
Екіншіден, энергетикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ету өнеркәсіп өндірісін кеңейту, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және деректерді өңдеу орталықтарын салу үшін қосымша генерациялық қуаттарға қажеттілік артып отырған жағдайда басымдықтардың біріне айналып отыр.
Мемлекет басшысы электр энергиясымен қамтамасыз етілу бәсекеге қабілеттіліктің, тіпті экономикалық егемендіктің шешуші факторына айналғанын атап өтті. Сыртқы саяси өлшемде бұл энергетикалық серіктестіктердің ұлттық мүдделер мен ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан барған сайын көбірек бағаланатынын білдіреді. Сонымен бірге Президент өнеркәсібі өсіп келе жатқан және жасанды интеллектіні (ЖИ) кеңінен енгізіп жатқан ел үшін жыл сайын өндірілетін 123 млрд кВт·сағ электр энергиясының жеткіліксіз екенін мойындады. 2029 жылға қарай электр энергиясының профицитіне қол жеткізу мақсаты қойылды.
Атом энергетикасы саласындағы құзыреттерді одан әрі дамыту назар орталығында қалып отыр. Президент Қазақстанда салынуы жоспарланған АЭС-тердің алдағы жүз жылдағы қажеттілігін өтеуге мүмкіндік беретін уранның мемлекеттік стратегиялық қорын құруды ұсынды. Бұл ұсынысты қалыптасқан парадокске берілген жауап ретінде қарастыруға болады: Қазақстан уранның ең ірі өндірушісі бола тұра, әзірге жұмыс істеп тұрған бірде-бір АЭС-і жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ «Балқаш» АЭС-інің құрылысын келесі жылы-ақ бастау, сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын мүмкіндігінше тезірек қолға алу үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қою мүмкіндігін жоққа шығармады. Соңғы жоба бойынша серіктес ретінде Қытай ұлттық ядролық корпорациясы (CNNC) қарастырылып отыр. Осылайша, атом энергетикасын дамыту Ресеймен де, Қытаймен де ынтымақтастықты қатар ілгерілетуді көздейді.
АЭС құрылысына қатысатын шетелдік серіктестерді Қазақстанда жоғары технологиялық өндірістер құруға, ядролық энергетика саласындағы құзыреттерді беруге және отандық атом мамандарын даярлауға тартудың маңыздылығы жеке атап өтілді.
Осылайша, Жолдау энергетика саласындағы көпвекторлы тәсілді сақтай отырып, оны іске асырудың практикалық құралдарына көбірек мән береді. Уран қорын құру, өндірісті локализациялау және кадр даярлау – болжауға келмейтін геосаяси ахуал жағдайында елдің энергетикалық егемендігін нығайтуға бағытталған дәйекті қадамдар.
Үшіншіден, ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалану энергетикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз етуден кем түспейтін аса маңызды міндет болып қала береді. 2024 жылы Қазақстан 21,44 млрд м³ тұщы су пайдаланды. Жалпы су алудың шамамен 60%-ы ауыл шаруашылығының үлесіне тиеді, бұл ретте Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, жекелеген суару жүйелері арқылы тасымалдау кезінде алынған судың шамамен 50%-ы жоғалады. Бұған қоса, мамандар арасында 2030 жылға қарай су тапшылығы 15 млрд м³-ге дейін жетуі мүмкін деген болжам айтылып жүр.
Президент су тұтынуды бақылауды күшейту қажеттігіне баса назар аударды. Су бөлісу және трансшекаралық су ресурстарын бөлу туралы келісімдерге қол жеткізумен қатар, Қазақстанға ел ішінде су пайдалануды тиімдірек жолға қою қажет. Бұған, оның ішінде, цифрлық құралдарды толыққанды енгізу арқылы қол жеткізуге болады.
Ірі су көздеріне жақын жерлерді суару өнімділікті 2-2,5 есе арттыруы мүмкін, алайда суармалы алқаптарды кеңейту тек су үнемдейтін технологиялар енгізілген жағдайда ғана жүзеге асады. Осыған байланысты Президент су пайдалану саласындағы тарифтік реформаны соңына дейін жеткізуді және Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құруды тапсырды. Мемлекет басшысы сондай-ақ NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуангтың ауыл шаруашылығына ЖИ енгізу туралы ұсынысын қолдады.
Төртіншіден, айрықша маңызды минералдар сыртқы саяси ықпал мен экономикалық дипломатияның құралына айналып отыр. Дүниежүзілік банктің деректері бойынша, Қазақстанда 5 000-нан астам кен орны бар, ал сирек жер металдарының қоры 2,6 млн тоннаға бағаланады. Бұл бағыттағы Қазақстанның негізгі серіктестері – АҚШ, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония және ЕО-ның бірқатар елдері.
Кен орындарына қол жеткізу ел ішінде қайта өңдеу қуаттарын құру қажеттігімен ұштастырылады. Шетелдік компаниялар үшін бұл сауда шектеулері жағдайында жеткізілімдерді әртараптандыруға жол ашса, Қазақстан геологиялық барлау және шикізатты қайта өңдеу технологияларына инвестиция тартуға мүмкіндік алады.
Жолдау бұл саланы дамытуды мемлекеттік саясаттың бағыттарының бірі ретінде бекітеді. Белгіленген құралдар қатарында – айрықша маңызды металдар қорларын басқарудың ұлттық жүйесі, өнімнің кепілді өткізілуін қамтамасыз ететін оффтейк-келісімшарттар, сондай-ақ түсті және сирек жер металдарының ұлттық қорын құру мүмкіндігі.
Сонымен бірге Қазақстан үшін басты кедергі – өз қайта өңдеу қуаттарының шектеулі болуы. Кен орны анықталғаннан кейін кәсіпорындар, оның ішінде сирек жер элементтерін бөлуге арналған зауыттар салу қажет, ал олардың жұмысы үшін заманауи технологиялар, білікті кадрлар, су және электр энергиясының едәуір көлемі керек. Ел ішінде қайта өңдеуді дамыту экспорттың қосылған құнын арттыруға ғана емес, Қазақстанның халықаралық позициясын нығайтуға да ықпал етеді: шикізатты көптеген елден сатып алуға болса, қайта өңделген өнім мен соған сәйкес технологиялық құзыреттерді санаулы елдер ғана ұсына алады.
Осылайша, белгіленген стратегиялық бағыттар Қазақстанның экономикалық егемендігін нығайтудың біртұтас тетігін қалыптастырады. Металдарды қайта өңдеуді және цифрлық экономиканы дамыту жеткілікті көлемдегі электр энергиясын талап етеді; энергетика мен ауыл шаруашылығы су ресурстары үшін бәсекелеседі; көлік дәліздері елдің шикізатты ғана емес, жоғары қосылған құны бар өнімді де экспорттау мүмкіндігін айқындайды.
Мұндай жағдайда салаларды дамытуды үйлестіре жоспарлаудың маңызы ерекше артады: қайта өңдеу кәсіпорындары мен өндірістік алаңдарды транзиттік бағыттардың бойына орналастыру, оларды энергиямен және сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ экономиканың қажеттіліктерін бірыңғай ресурстық теңгерім аясында ескеру. Дәл осы инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және ресурстық саясаттың өзара байланысы елдің экономикалық орнықтылығын нығайтуға және оның сыртқы саяси мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз бола алады.


