Мархат Шарипов,
Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас сарапшысы
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің Ақмола облысындағы өкілі
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты маңызды бағдарларды айқындайды. Атап айтқанда, өндіріс көлемін ұлғайтудан еңбек өнімділігін арттыруға, өнімді терең өңдеуге, технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге және су ресурстарын ұтымды пайдалануға көшу қажеттігі атап өтілді.
Президент бірнеше нақты бағытты белгіледі. Олардың қатарында аграрлық саланы ұзақ мерзімді қаржыландыру, тамақ өнеркәсібін дамыту, Қазақстанда заманауи тракторлар мен комбайндар өндірісін жолға қою, жасанды интеллектіні енгізу, суармалы егіншіліктің ауқымын кеңейту, сондай-ақ өнімді сақтау мен өткізудің тиімді жүйесін қалыптастыру бар.Жолдауда келтірілген мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы саланың өсімі шамамен 5,9%-ды құрап, агроөнеркәсіптік кешен өнімінің көлемі 15 триллион теңгеге жеткен. Ал 2025 жылы жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 1,5 триллион теңгені құрады.
Бұл көрсеткіштер ауыл шаруашылығының ұлттық экономиканың ірі секторына айналғанын көрсетеді. Алайда өндірілген өнім көлемінің өзі саланың тиімділігін толық сипаттай алмайды. Сондықтан өндіріс шығындарын, шаруашылықтардың рентабельділігін, еңбек өнімділігін, өнімді сақтау кезіндегі шығындарды және ел ішінде қайта өңделетін өнімнің үлесін де ескеру қажет.
Президент қолданыстағы модельдің түбегейлі мәселесіне назар аударды: жеңілдетілген қаржыландырудың едәуір бөлігі ағымдағы қажеттіліктерді өтеуге және айналым қаражатын толықтыруға бағытталады. Ал аграршыларға өз шаруашылығын бірнеше жылға алдын ала жоспарлап, дамытуға мүмкіндік беретін қаржы ресурстары қажет.
Ауыл шаруашылығы маусымдық сипатымен, ауа райына жоғары тәуелділігімен және инвестициялардың өтелу мерзімінің ұзақтығымен ерекшеленеді. Фермерге тұқым, тыңайтқыш пен жанар-жағармай сатып алуға ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын алуға, фермалар, элеваторлар, көкөніс қоймалары мен қайта өңдеу кәсіпорындарын салуға да қаржы қажет.
Қысқа мерзімді несие ағымдағы маусымның міндеттерін шешуге мүмкіндік береді. Ал ұзақ мерзімді инвестициялар алдағы жылдары еңбек өнімділігін арттырудың негізін қалайды. Сонымен бірге субсидиялар мен кредиттер көлемін ұлғайту өздігінен дамуға кепілдік бермейді. Егер қаржыландыру қымбаттаса, техника шамадан тыс жоғары бағамен сатып алынса, ал өнім бағасы тұрақсыз болып қалса, қосымша табыстың барлығы қарыз жүктемесін өтеуге жұмсалуы мүмкін.
Мемлекет кезекті егіс науқанын өткізуге ғана емес, бәсекеге қабілетті аграрлық бизнесті қалыптастыруға да қаржы бағыттауы қажет.
Президенттің Қазақстанда заманауи тракторлар мен комбайндар өндірісін ұлғайту қажеттігін атап өтуі ерекше маңызды. Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы техникасы жай ғана өндіріс құралы емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі.
Машина-трактор паркінің тозуы егіс және егін жинау жұмыстарының мерзімін ұзартып, жөндеу мен жанар-жағармай шығындарын арттырады, сондай-ақ қолайсыз ауа райына байланысты өнімнен айырылу қаупін күшейтеді. Заманауи техника жұмыс операцияларының дәлдігін арттыруға, еңбек өнімділігін көтеруге және ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Алайда саланың дамуын үш деңгейге бөліп қарастыру аса маңызды:
- Импорттық құрамдас бөлшектерден техника құрастыру.
- Отандық компонент жеткізушілерін дамыта отырып, өндірісті оқшаулау деңгейін арттыру.
- Қосалқы бөлшектерді өндіруді, жөндеу қызметтерін, бағдарламалық қамтамасыз етуді және мамандар даярлауды қамтитын толыққанды өнеркәсіптік әрі сервистік экожүйе қалыптастыру.
Бірінші деңгей машиналар өндірісін қысқа мерзімде ұлғайтуға мүмкіндік бергенімен, өздігінен технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ете алмайды. Аграршылар үшін трактордың техникалық паспортында көрсетілген қуатынан гөрі, бір гектарға шаққандағы пайдалану құны, қосалқы бөлшектердің қолжетімділігі, жанар-жағармай шығыны, техниканың сенімділігі және науқан кезінде оны жөндеу жылдамдығы маңыздырақ.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын өндірумен қатар, оны пайдалануға қажетті бүкіл инфрақұрылымды дамыту қажет. Қолжетімді қосалқы бөлшектер, білікті сервистік қызмет және тиімді қаржыландыру тетіктері болмаса, тіпті заманауи техника да экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы мүмкін. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығына жедел енгізуді қолдады. Жолдауда бұл бағыт технологиялық жаңғырту және аграрлық өндірістің тиімділігін арттыру қажеттілігімен байланысты қарастырылады.
Іс жүзінде жасанды интеллектіні мынадай бағыттарда қолдануға болады:
- Спутниктік суреттерді талдау және егістіктердің жай-күйін анықтау;
- Ылғал мен қоректік заттар тапшылығы байқалатын аумақтарды анықтау;
- Өнімділік деңгейі мен егін жинау мерзімдерін болжау;
- Тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдануды оңтайландыру;
- Ауыл шаруашылығы техникасындағы ақауларды ерте анықтау;
- Жанар-жағармай шығынын, техниканың жүктемесін және логистиканы жоспарлау.
Егер шаруашылықта егіс жұмыстарының есебі жүргізілмесе, топырақтың жай-күйі туралы нақты деректер болмаса және тұрақты байланыс қамтамасыз етілмесе, қымбат цифрлық шешімді сатып алу айтарлықтай экономикалық нәтиже бермеуі мүмкін. Сондықтан оны енгізудің ұтымды моделі мынадай кезеңдерден тұрады: алдымен есеп жүргізу мен өлшеу жүйесін қалыптастыру, содан кейін нақты алқаптарда пилоттық жобаларды іске асыру, одан соң қол жеткізілген үнемді бағалап, тиімді шешімдерді кеңінен енгізу.
Президент заманауи технологияларды қолдана отырып, ірі су көздеріне жақын орналасқан суармалы жерлердің аумағын кеңейту дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2–2,5 есе арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар су ресурстарын ұтымды пайдалануды және цифрлық есепке алуды енгізуді тапсырды. Бұл – ұзақ мерзімді экономикалық даму тұрғысынан Жолдаудағы аса маңызды бағыттардың бірі. Судың кепілді жеткізілуі, топырақтың қолайлы болуы, инфрақұрылымның, энергия көздерінің және техниканың жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілуі, сондай-ақ дақылдарды экономикалық тұрғыдан тиімді таңдау қажет.
Су үнемдеу технологияларын қолданбай суармалы жерлердің аумағын кеңейту су көздеріне түсетін жүктемені арттыруы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік саясатта пайдалануға берілген жерлердің көлемін ғана емес, әрбір текше метр судың нақты қайтарымын да бағалау қажет. Бұл ретте мынадай шараларды іске асыру маңызды:
1) каналдарды жаңғырту және суды тасымалдау кезіндегі шығындарды азайту;
2) тамшылатып суару және басқа да қолайлы суару әдістерін енгізу;
3) су алу көлемі мен нақты тұтынуды цифрлық есепке алу;
4) топырақтың қасиеттерін ескере отырып, агрохимиялық технологияларды қолдану;
5) су балансына сәйкес егіс құрылымын жоспарлау.
Су жер, техника және капиталмен қатар стратегиялық өндірістік ресурсқа айналып келеді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының болашақтағы бәсекеге қабілеттілігі тек жер көлеміне ғана емес, сонымен бірге шектеулі ресурстарды пайдалану тиімділігіне де байланысты болады.


