2023 жылдың 14 наурызында Астана қаласында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен «Саяси реформалар: жаңа саяси модельге көшу» сарапшылар талқылауы өтті.
Іс-шарада Президенттік саяси реформаларды жүзеге асыру аясындағы сайлаудың маңызы мен Қазақстанның саяси реструктуризациясы талқыланды.
Сарапшылар қазіргі сайлау кезеңі саяси трансформацияның негізгі элементінің бірі екенін атап өтті. Саяси реформалар еліміздегі сайлау мәдениетінің түрленуі мен азаматтық белсенділіктің өсуіне мүмкіндіктер ашты. Осы сайлау науқанын мемлекеттік институттарды жаңғыртудың түпкілікті кезеңі деп те атауға болады. Кешенді түрде жүргізілген саяси реформалар өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне ықпал етіп, жаңаруына мүмкіндік берді.
Талқылау барысында ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина саяси реформаларды жүзеге асырудың бірнеше аспектілеріне тоқталды.
«Біріншіден, саяси партияларды тіркеудің жаңа ережелері жаңа партиялардың пайда болуына бәсекелестік орта қалыптастырды. Ал қазірдің өзінде заңнамалық жаңалықтарға сәйкес екі жаңа партия пайда болды. Екіншіден, осы сайлау циклі аясында азаматтардың сайлану құқықтары жүзеге асырылды. Бұл ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізудің арқасында мүмкін болды. Сондай-ақ аралас сайлау жүйесіне көшудің арқасында әрбір азамат Парламент пен мәслихат сайлауына қатысу құқығына ие болды. Үшіншіден, бұл саяси институттарды жаңғырту. Бұл жерде сөз тек сандық өзгерістер туралы емес, сонымен қатар Парламент пен жергілікті мәслихаттардың құрамы мен жұмысындағы елеулі өзгерістер туралы болып отыр. Маңызды жаңашылдық –депутаттық мандатты кері қайтарып алу институты. Сөзсіз бұл заң шығарушы органның жұмысына әсер етеді», – деді А.Жолдыбалина.
Өз кезегінде Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев қазіргі сайлау барысында билік пен қоғам арасында жаңа қоғамдық келісім құрылғанын атап өтті.
«Саяси күштердің барлығы қатысып жатыр, оның ішінде жаңасы да бар, тәжірибесі молы да бар. Сондай-ақ сындарлы пікір алмасу да бар. Саяси процестердің эволюциялық принципі сақталалып жатыр. Және де бұл процестердің динамикасы мен тұрақтылығы сақталуда. Әлеуметтік желілердегі пікірталастар жоғары белсенділік күтілетінін көрсетеді. Бұл электораттың жоғары көрсеткішіне себеп болады деген үміт бар. Сонымен бірге бізге дауыс беру мен сайлау мәдениетін сіңіруге үйрену керек. Кейбір сайлаушылар үшін бұл бірінші дауыс беру тәжірибесі болады. Жастардың көбі мажоритарлық жүйе қолданылған кезде дүниеге келді. Айналамызға сайлаудың қалай жұмыс істейтіні және оның нәтижесі қалай әсер ететіні туралы айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды», – деді Т.Қалиев.
«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев қазіргі парламенттік сайлаудың ерекшелігіне тоқталды.
«Бір жағынан бұл 2021–2022 жылдардағы саяси реформаларға, оның ішінде ҚР Конституциясы мен Сайлау туралы заңға түзетулер енгізілуіне байланысты болса, екінші жағынан сайлау жаңа айналымға ықпал етіп, саяси реформаларға жаңа қарқын береді. Бірінші жағдайда сайлау белгіленген реформалардың арқасында аралас сайлау жүйесі бойынша өтеді. Бұл ретте тиісті депутаттық мандаттардың саны небәрі 29 болса да, бір мандатты сайлау округтерінде бәсекелестіктің жоғары деңгейі байқалады. Бұл өз кезегінде жаңа идеяларды насихаттауды және саяси-ақпараттық күн тәртібінің алуан түрлілігін білдіреді. Екінші жағдайда Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың жаңа құрамдарын қалыптастыру ел мен оның өңірлерін дамыту мүддесінде бірқатар маңызды шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда Мәжілістің алдыңғы шақырылымынан жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық бақылау туралы заң жобалары жаңа Мәжілістің қарауына өтеді. Сондай-ақ олардың алдында әлеуметтік-экономикалық сипаттағы үлкен көлемдегі шараларды Президенттің сайлауалды бағдарламасын заңнамалық тұрғыдан іске асыру міндеті тұр», – деді А.Чеботарев.
Саясаттанушы Жанар Тулиндинова қазіргі сайлау науқаны саяси реформаларға қатысты күмәнді жоққа шығара алды дейді.
«Бүгінгі сараптамалық талқылаудың тақырыбы өте өзекті. Биылғы үгіт-насихат науқаны саяси реформаларға қатысты скепсисті жоққа шығарды. Аралас жүйені енгізу, бір мандатты округтер бойынша сайлану мүмкіндігі азаматтардың сенім деңгейін арттырып, олардың азаматтық, саяси белсенділігін көрсетуге серпін берді деп айтуға болады», – деп қорытындылады Ж.Тулиндинова.