2022 жылғы 25 қазанда Бішкек қаласында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Р.Жошыбаев, Қазақстан Республикасының бұрынғы Сыртқы істер министрі Т.Сүлейменов, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша сарапшы мамандар қатысты.
Талқылаудың маңызды тақырыптарының бірі сауда-экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық өлшемдегі мемлекетаралық ынтымақтастық мәселелері болды. Өз сөзінде ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов ғылыми-талдамалық бағыттағы байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті:
«Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елдеріміз арасында ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге және серіктестіктің жаңа жолдарын табуға талпынысқа негізделген сенім мен өзара құрмет атмосферасы қалыптасты.
Өзара тиімді қазақ-қырғыз ынтымақтастығының перспективасында бірқатар кооперациялық жобаларды бірлесіп, өңірлік дамыту ерекше қызығушылық тудыруы мүмкін. Бұл тұрғыдағы сараптамалық және ғылыми-академиялық топтардың қызметі үлкен маңызға ие».
Конференцияға қатысушылар сонымен қатар қазақ-қырғыз ынтымақтастығының келешегі және бірлескен жобаларды дамыту жөнінде пікір алмасты.