Биыл 14-15 қыркүйекте Душанбе қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуі өтті. Іс-шараға өңір елдерінің бес президенті – Қасым-Жомарт Тоқаев (Қазақстан), Шавкат Мирзиёев (Өзбекстан), Садыр Жапаров (Қырғызстан), Сердар Бердымухамедов (Түрікменстан) және Эмомали Рахмон (Тәжікстан) қатысты. Сондай-ақ кездесуге Әзербайжан президенті Ильхам Алиев құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша бес құжаттан тұратын пакет қабылданды. Бірлескен мәлімдемеде мемлекет басшылары өңір елдері арасындағы достық қатынастарды нығайту ісіндегі Консультативтік кездесулер тетіктерінің маңызын атап өтті.
ОА мемлекеттері өңірлік өзара әрекеттестікті дамыта отырып, Консультативтік кездесулер шеңберінде ынтымақтастық салаларын тереңдету мен нақтылау бағытында қозғалып жатыр. Мұның айғағы – саммитте Жастар саясатының жалпы бағыттары туралы келісімге қол қою және 2022-2025 жылдарға арналған Орталық Азиядағы денсаулық пен әл-ауқатты қолдаудың Жол картасын мақұлдау.
Ынтымақтастықтың көліктік-логистикалық саласындағы өзара іс-қимылдың практикалық бағдарға көшуін атап өту маңызды. Осылайша, мемлекет басшылары Орталық Азиядағы жер үсті көлігінің өзара байланысын нығайту туралы келісімге қол қойды. Өзара байланысты жақсарту өңірдің барлық елдерінің көлік әлеуетін арттырады. Әлемдегі логистикалық тізбектер тұрақтылығы төмендей бастаған жаңа болмыста, ең алдымен ынтымақтастықты арттыру мен аймақтағы көршілермен логистикалық маршруттар құру қажет.
Душанбе кездесуінде ОА-дағы өңірлік кооперация тетіктерін институцияландыру үшін негіз қалайтын мемлекет басшыларының Консультативтік кездесулер істері жөніндегі Ұлттық үйлестірушілер кеңесі туралы ереженің қабылдануы маңызды оқиға болды.
Жалпы бүгінде Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастық қалыптасқан трендке айналып отыр деп айтуға болады. Жұмыс режимінде өңір елдері дискурсты тарихи-мәдени қоғамдастықты констатациядан экономикалық прагматизм мен рационализмге, өзара тәуелділік пен өзара тиімділікке қарай біртіндеп ауыстырып, практикалық өзара әрекеттестікті алға қойып жатыр.
Эмин Джаббаров, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы