Бүгін ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Файсал Ханиф әл-Кахтанимен кездесу өтті.
Келіссөз барысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы екіжақты және көпжақты қарым-қатынасты дамыту тақырыбы қозғалды. Тараптар жақында өткен «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» саммитіне ерекше назар аударды.
Қос тарап өзара іс-қимылдың сараптамалық трегін дамытуға екіжақты қызығушылық танытты. ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты қоса алғанда, түрлі салалардағы қатынастардың нәтижелі дамуын атап өтті. Алайда, оның айтуынша, мемлекетаралық әрекеттестік сараптамалық деңгейдегі жұмысты кеңейтуді талап етеді. «Институтымыз шетелдік талдау орталықтарымен өзара әрекеттесуге көп көңіл бөледі. Бұл бізге мемлекетаралық ынтымақтастық пен халықаралық қатынастар саласындағы тұжырымдамалық және өзекті мәселелер бойынша жедел әрі ашық пікір алмасуға мүмкіндік береді», – деді ҚСЗИ директоры.
Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Файсал Ханиф әл-Кахтани өз сөзінде қос елдің қарым-қатынасын дамытуда стратегиялық зерттеулердің маңыздылығына баса назар аударды. «Менің ойымша, біз күш салып жатқан ынтымақтастықты дамыту үшін осындай зерттеулерді де қамту керек. Біз ҚСЗИ мен Сауд Арабиясының талдау институттары арасындағы ортақ жұмысқа қызығушылық танытып, сараптамалық қоғамдастықта байланыс орнатуға жәрдемдесуге қуаныштымыз», – деді Елші мырза.