Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың Әзербайжанға мемлекеттік сапары Бакуде Үшінші Қазақстан-Әзербайжан сараптамалық кеңесіндегі талқылаудың басты тақырыбы болды.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) және Әзербайжанның Халықаралық қатынастарды талдау орталығы ұйымдастырған іс-шараға қатысқан сарапшылардың пікірінше, бұл оқиға екі ел арасындағы ынтымақтастықтың артып келе жатқанын ғана емес, сонымен қатар өңірлік және көпжақты форматтағы бастамалар үшін жаңа көкжиектерді ашты.
Сараптамалық әңгіме барысында талдау орталықтарының басшылары, төтенше және өкілетті елшілер, парламент депутаттары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып, ынтымақтастықтың мынадай түйінді перспективалары бөлінді:
Қазақстан мен Әзербайжанның болашақ бейнесін зерттеу
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 2020 жылдан бастап бес есеге артты. Бұл өсім екі елдің экономикалық жақындасуын ғана емес, олардың негізгі салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысын да көрсетеді. Атап айтқанда, сарапшылар екі елдің тұрақты дамуына ықпал ететін инвестициялар мен бірлескен жобалар үшін жаңа мүмкіндіктерді зерттеудің маңыздылығын атап өтті.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Қазақстан Әзербайжанға шамамен 300 млн. доллар сомаға 100-ден астам шикізаттық емес тауар позициясын қоюға дайын екенін атап өтті: «Менің ойымша, цифрлық салада, финтехте және жасыл экономикада экономикалық әріптестіктің елеулі мүмкіндіктері бар. Сондықтан талдау орталықтары біздің болашағымыздың бейнелеріне көзқарастарды әзірлеу, жаңа мүмкіндіктер табу және ортақ сын-қатерлерді шешу бойынша бірлескен жұмыс жүргізуі тиіс. Демографиялық және қоғамдық дамуды, соның ішінде жастардың дамуын зерттеуге назар аудару маңызды».
Каспий экономикасын дамытудағы ғылыми-сараптамалық кооперация
Кездесу мәдени алмасу мен гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға деген қызығушылықты растады. Білім, мәдениет және спорт саласындағы жобалар Қазақстан мен Әзербайжан халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға, сондай-ақ елдер арасындағы туристік алмасудың өсуіне ықпал етуі мүмкін.
«Каспий экономикасын дамыту үшін теңіз өнеркәсібі бойынша кадрлар даярлауда өңірлік жоғары оқу орындарының өзара ынтымақтастығын қарастыру маңызды. Егер біз Каспий теңізінің жаһандық сауда, транзит және туризмдегі тұрақты буынға айналуын қаласақ, адам ресурстарынан бастап, арнайы білім беруді синхрондау арқылы осы салаларды бірлесіп дамыту керек», – деп атап өтті сарапшылар.
Көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту
Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастығының негізгі бағыты – көлік-логистикалық әлеуетті, атап айтқанда, Баку көлік торабы мен Ақтау теңіз сауда порты арқылы дамыту екені баса айтылды. Бұл ынтымақтастық екі елдің Шығыс Еуропа мен Батыс Азияны байланыстыратын транскаспийлік көлік бағдарындағы маңызды түйіндерге айналуына жаңа мүмкіндіктер береді.
Бірлескен энергетикалық жобалар
Талқылау барысында энергетика саласындағы ынтымақтастықтың келешегі, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту жобаларына қатысу мүмкіндігі де сөз болды. Сарапшылар бірлескен энергетикалық бастамалар тек экономикалық дамуға ғана емес, аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ықпал ете алады деген пікір білдірді.
«Аймақаралық тұрақтылық белдеуін» қалыптастыру
Сарапшылар Қазақстан мен Әзербайжан Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Халықаралық және өңірлік ұйымдардағы диалог пен ынтымақтастықты тереңдету жаһандық және аймақтық сын-қатерлерді шешуге бағытталған бірлескен күш-жігерді жеңілдетеді.
Қорытындылай келе, сарапшылар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейі, сондай-ақ оның сарапшылық деңгейде, атап айтқанда Қазақстан-Әзербайжан Сарапшылық кеңесі аясындағы нәтижелі талқылануы екіжақты қатынастардың түрлі салалардағы әріптестік мүмкіндігін одан әрі кеңейтуге және тереңдетуге ықпал етіп, екі елдің бірлесе дамуы мен өркендеуі үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.