Жанна Булхаирова,
Жаһандық экономика және
тұрақты даму бөлімінің бас сарапшысы
Бүгінде адами капиталға жұмсалатын шығындар мемлекеттің маңызды міндеттемелерінің біріне айналды. Бұл қаражатты халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған инвестиция ретінде қарастыру қажет. Республика күніне арналған салтанатты іс-шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 трлн теңге бөлінгенін» атап өтті. 2026 жылы білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қолдау салаларына 19 трлн теңгеден астам қаржы бағыттау жоспарланған. Бұл республикалық бюджеттің жартысынан асады. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция ғылымды, білім беруді және инновацияларды дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыттарының қатарына бекітті.
Тоқаев Тәуелсіздіктің 35 жылдығына қарай Қазақстан қуатты экономикасы мен озық қоғамы бар кемел мемлекетке, халықаралық деңгейде құрметке ие әрі ықпалды орта державаға айналғанын атап өтті. Білім беру инфрақұрылымының кеңеюі соңғы жылдардағы ең елеулі нәтижелердің бірі болды. Үкіметтің бағалауынша, жеті жыл ішінде елімізде 1 300-ден астам мектеп салынды. «Келешек мектептері» жобасы аясында ғана 460 мың орынға арналған 217 мектеп ашылды. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны мен оқушы орындарының тапшылығы төрт есе қысқарды. Барлық мектепте 1,7 миллионнан астам оқушы, соның ішінде бастауыш сыныптардың барлық оқушылары мен әлеуметтік осал топтардағы балалар тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Кәсіптік білім беру саласы да дамып келеді: техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 562 мың адам оқиды (өсім 13,7%-ды құрады), жоғары оқу орындарында 724 мыңнан астам студент білім алуда. Қазақстанның 20 жоғары оқу орны QS 2026 рейтингіне еніп, ел үшін рекордтық көрсеткіш орнатты.
Цифрлық салада да айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту рейтингінде 2018 жылғы 39-орыннан 2024 жылғы зерттеуде 24-орынға көтерілді. 106 жоғары оқу орны қатысатын AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мыңнан астам студент жасанды интеллект саласындағы базалық білімді меңгерді. Ал 2026 жылы QAIRU жасанды интеллект зерттеу университеті білім беру қызметін бастады. Ғылыми әзірлемелер экономикаға 147 млрд теңгеден астам пайда әкелді.
Еңбек нарығында да осыған ұқсас көрініс қалыптасқан. Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша I тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды, ал маусым айының соңында тіркелген жұмыссыздардың үлесі жұмыс күшінің 3,4%-ын құрады. Бұл төмен көрсеткіштер ішінара жұмыспен қамтылғандар санатына жатқызылатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесінің жоғарылығымен түсіндіріледі. Сондықтан жұмыспен қамтудың сапасы басты мәнге ие болуда. Өңірлік жұмыспен қамту карталары бойынша 1 тамызға дейін 2026 жылға жоспарланған 544 мың адамның 388 мыңы жұмысқа орналастырылды. 2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.
Осылайша, мемлекет адами капиталды дамыту үшін ресурстық және институционалдық негіз қалыптастырды. Келесі кезең қолжетімділік көрсеткіштерінен (мектептер, орындар, гранттар) нақты нәтиже көрсеткіштеріне – оқушылардың дағдыларына, түлектердің жалақысы мен жұмысқа орналасуына, еңбек өнімділігіне және бизнестің кадр даярлауға қатысуына көшумен байланысты.


