Марат Рамазанов,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Еуропалық және америкалық зерттеулер
бөлімінің бас сарапшысы
2026 жылы Бразилияда өткен жалпыұлттық сайлаудың нәтижелері Латын Америкасындағы ең елеулі саяси оқиғалардың біріне айналды. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, күтпеген жайттардың бірі – қазіргі президент Луис Инасиу Лула да Силваның бірінші турдағы жеңілісінен кейін күштер арақатынасын өзгертіп, екінші турда жеңіске жетуі.
Бұл нәтиже өңірдегі саяси үдерістердің күрделілігін көрсетті. Латын Америкасының бірқатар елдерінде оңшыл консервативтік күштердің ықпалы артқанына қарамастан, Бразилиядағы сайлау нәтижелері бұл үрдістің барлық елге бірдей тән емес екенін аңғартты. Сонымен қатар кандидаттар арасындағы дауыс айырмасының салыстырмалы түрде аз болуы Бразилия қоғамында саяси поляризацияның сақталғанын, сондай-ақ партиялардың идеологиялық ұстанымдары айқын ажыратылмайтын, бытыраңқы көппартиялық жүйенің бар екенін көрсетеді.
Қазақстан үшін бұл сайлаудың қорытындылары, ең алдымен, екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары тұрғысынан маңызды. Бразилия – Қазақстанның Латын Америкасындағы ең ірі сауда-экономикалық серіктесі. Екі елдің ынтымақтастығы 30 жылдан астам дипломатиялық қатынастар тарихына негізделген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 295 млн АҚШ долларын құрады, ал 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларының өзінде бұл көрсеткіш 100 млн долларға жуықтады.
Соңғы жылдары Астана мен Бразилия арасындағы саяси диалогтың жүйелі түрде кеңейіп келе жатқанын атап өткен жөн. Атап айтқанда, 2026 жылғы мамырда Бразилияның сыртқы істер министрі Мауро Виейра Қазақстанға ресми сапармен келді. Сапар барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды тереңдетуге мүдделі екенін растады әрі өзара тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізу мақсатын белгіледі. Қазақстанның Орталық Азия елдері арасында Бразилияда елшілігі бар жалғыз мемлекет екені, ал Астанадағы Бразилия елшілігінің осы елдің бүкіл өңірдегі жалғыз дипломатиялық өкілдігі екені назар аудартады. Екі тарап та мұны қарым-қатынастардың стратегиялық тереңдігінің көрсеткіші деп бағалайды.
Осы тұрғыдан алғанда, Бразилияның сыртқы саясатындағы сабақтастықтың сақталуы екіжақты ықпалдастықты одан әрі дамытуға қолайлы алғышарттар қалыптастырады. Қазақстан үшін агроөнеркәсіп кешені, машина жасау, энергетика, инвестициялар, көлік-логистика инфрақұрылымы және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты бағыттар практикалық қызығушылық тудырады.
БРИКС және өзге де көпжақты форматтар аясындағы өзара іс-қимылдың маңызы ерекше. Қазақстан мен Бразилия халықаралық диалогты нығайтуға, экономикалық байланыстарды дамытуға және халықаралық институттардың тиімділігін арттыруға мүдделі. Атап айтқанда, Бразилия тарапы Қазақстанның БРИКС және COP-30 саммиттеріне жоғары деңгейде қатысуын, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік пен су-климат күн тәртібі саласындағы қазақстандық бастамаларды жоғары бағалайды. Осы тұрғыда орнықты даму, климаттың өзгеруі және халықаралық сауда мәселелері бойынша ұстанымдарды одан әрі үйлестіруге мүмкіндік бар.
Сонымен бірге екіжақты қатынастардың күрт жеделдеуін күту әзірге ертерек. Олардың одан арғы серпіні, негізінен, нақты уағдаластықтарға, экономикалық мүдделерге және тараптардың бірлескен жобаларды іске асыру қабілетіне байланысты болады.
Тұтастай алғанда, Лула да Силваның қайта сайлануын Бразилиядағы саяси сабақтастықтың факторы әрі Қазақстан мен Бразилия арасындағы сындарлы диалогты жалғастыруға жол ашатын мүмкіндік ретінде қарастырған жөн. Қазақстан үшін қалыптасқан оң қарым-қатынас негізін Латын Америкасындағы экономикалық және дипломатиялық қатысуын одан әрі кеңейту мақсатында пайдалану маңызды.


