Skip to content
Басты бет » БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі ҚСЗИ-ға келді

БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі ҚСЗИ-ға келді

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталықтың басшысы Каха Имнадземен кездесу өтті.

ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытуда БҰҰ-ның Превентивті Дипломатия жөніндегі өңірлік орталықтың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Орталықтың Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтымен қалыптасқан дәстүрлі тығыз байланыстарын ескере отырып, Орталық Азия елдерінің ғылыми-зерттеу институттарымен бірлескен жұмысының өзектілігіне де назар аударды. «Қазақстан өңірдегі тұрақтылықты сақтауға мүдделі. Сонымен қатар біз орталықтың терроризмге қарсы іс-қимылға жәрдемдесу, жаңа қатерлерді анықтау, климат және су мәселелеріне назар аудару бойынша үлесін бағалаймыз», – дедіҚСЗИ директоры.

Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі, ОАПДӨО басшысы Каха Имнадзе: «БҰҰ Кеңесінде Орталық Азияның маңыздылығын жақсы түсінеді. Біз қазіргі таңда өңірдегі көшбасшылар арасындағы қарым-қатынастардың қалай дамып жатқанын көріп отырмыз. Диалогты қолдайтын мемлекет басшыларының даналығын атап өткім келеді. Себебі кез келген мәселелер аймақ ішінде талқыланып, шешілуі керек. Біздің рөліміз – бұл күш-жігерді қолдау», –деді ол.

Тараптар су мәселесіне ерекше назар аударып, экология мәселелерін де қозғады. Кездесу қатысушылары осы сұрақты шешудің ұстанымдары мен тәсілдерімен алмасып,өзара тығыз іс-қимыл туралы уағдаласты. Диалогтың маңызды бөлігін Ауғанстанға қатысты мәселелер алды. Тараптар осы бағыттағы жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ету үшін Орталық Азия – Ауғанстан желісі бойынша ауқымды талдамалық зерттеулер мен сараптамалық диалог жүргізуге күш біріктіру қажет деген ортақ пікірге келді.