Руслан Асаубаев,
Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас сарапшысы,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Солтүстік Қазақстан облысындағы өкілі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың мүмкіндіктері олардың тұрғылықты жеріне тәуелді болмайтын халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыру жөніндегі маңызды міндетті айқындады. Мемлекет басшысы Үкіметке бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, 2027 жылы бірқатар өңірде ауыл өндірушілерінің өнімдерін өткізуге қолдау көрсетуге бағытталған цифрлық дамудың пилоттық жобаларын іске қосуды және кейіннен табысты тәжірибені бүкіл елге таратуды тапсырды.
Қазақстанның ауылдық жерлерінде шамамен 7,4 млн адам тұрады, бұл ел халқының 36%-ға жуығын құрайды. Сондықтан ауыл тұрғындары үшін цифрлық құралдарды дамыту – заманауи технологияларды енгізу мәселесі ғана емес, сонымен қатар отбасылардың табысын арттырудың, жұмыс орындарын құрудың және кәсіпкерлікті дамытудың маңызды шарты.
Іс жүзінде сөз ауыл экономикасын дамытудың жаңа кезеңі – өнім өткізудің негізінен дәстүрлі арналары арқылы жұмыс істеуден заманауи цифрлық платформаларға көшу туралы болып отыр. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын маркетплейстердің, банктердің, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен ұштастыру ауыл өндірушілеріне өткізу нарықтарын кеңейтуге және сатып алушылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Бұл бағытта белгілі бір алғышарттар қазірдің өзінде қалыптасқан. Көптеген ауыл тұрғындары өздері өндірген өнімдерді әлеуметтік желілер арқылы сатады. Алайда мұндай қызметтің өткізу нарығы көбіне шектеулі болып қалады.
Алдағы өзгерістер мұндай қызметті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беруі мүмкін. Ол үшін қолжетімді цифрлық құралдар, сауда жүргізудің ашық шарттары, сатушылар мен сатып алушылар арасындағы өзара іс-қимылдың түсінікті қағидалары қажет.
Бұл бастама ауылдағы отбасылық бизнесті және кооперацияны дамыту үшін ерекше маңызға ие. Ауыл өндірушілеріне сатып алушыларға тікелей шығу мүмкіндігін беру азаматтардың жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге, шағын фермерлік шаруашылықтарды дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге деген экономикалық қызығушылығын арттыруы мүмкін.
Сонымен қатар ауыл өндірушілерін кооперативтерге біріктіру және тұрақты өндірістік тізбектерді қалыптастыру әлі де күрделі міндеттердің қатарында екенін мойындау қажет.
Осыған байланысты цифрландыру кооперацияны дамытудың қосымша құралына айналуы мүмкін. Бірыңғай цифрлық алаңдар өндірушілердің ұсыныстарын біріктіруге, тауар партияларын қалыптастыруға, жеткізу көлемдерін келісуге және өнім қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді. Дегенмен технологияның өзі қалыптасқан мәселелерді шеше алмайды. Ол үшін тиімді басқару, қатысушылардың экономикалық мүдделілігі, жауапкершілік пен табысты бөлудің айқын қағидалары қажет.
Ел ауқымында мұндай тәсілді дамыту отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізудің жаңа арналарын қалыптастыруға, отбасылық кәсіпкерлікті кеңейтуге және шағын өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етуі мүмкін. Қала тұрғындары үшін бұл жергілікті өнімдердің таңдау мүмкіндігі мен қолжетімділігінің артуын білдіреді. Алайда түпкілікті бағаларға әсері өндіріс, сақтау, тасымалдау және сауда шығындарына байланысты болады.
Пилоттық жобаларды іске асыратын өңірлерді таңдау аса маңызды кезең болмақ. Бұл ретте тек техникалық дайындық пен интернет инфрақұрылымының болуын ғана емес, сонымен қатар ауыл тұрғындарының қызығушылығын, кәсіпкерлердің белсенділігін, жергілікті билік органдарының мүмкіндіктерін, өткізуге арналған өнімдердің болуын және логистикалық қызметтердің қолжетімділігін ескеру қажет.
Ауылдық қоғамдық ұйымдарды, кооперативтерді, жергілікті өзін-өзі басқару өкілдерін және белсенді тұрғындарды тартуға ерекше назар аудару керек. Өйткені дәл жергілікті деңгейде өндірушілердің нақты мәселелерін анықтап, халықтың сұранысына сай келетін шешімдерді ұсынуға болады.
Осылайша, Мемлекет басшысы қойған міндет сауданы жай ғана цифрландыру аясынан әлдеқайда кең. Әңгіме ауыл тұрғынының өнім өндіріп қана қоймай, өз бетінше сатып алушы табуына, еңбегі үшін әділ табыс алуына және жеке кәсібін дамытуына жағдай жасау туралы болып отыр.
Бұл бастаманың табыстылығын бағалаудың басты өлшемі – ауылдық отбасылардың өміріндегі нақты өзгерістер: табыстың артуы, кәсіпкерлік мүмкіндіктердің кеңеюі, жұмыс орындарының ашылуы және ауылдық елді мекендердің экономикалық дербестігінің нығаюы.
Егер пилоттық жобалар тұрғындардың нақты қажеттіліктеріне, ашық қағидаларға және мемлекет пен бизнестің әріптестігіне негізделсе, олар ауыл экономикасының жаңа үлгілерін Қазақстанның барлық өңіріне кеңінен енгізуге негіз бола алады.


