2025 жылғы 15 сәуірде «Journal of Central Asian Studies» ғылыми журналының бас редакторы Айгүл Қошербаева журналдың редакциялық алқа мүшесі, қазіргі таңда Гарвард университетінің Ресей және Еуразиялық зерттеулер жөніндегі Дэвис орталығында Орталық Азияны зерттеу бағдарламасының жетекшісі болып табылатын доктор Наргис Қасеновамен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Гарвард университетінің Дэвис орталығы арасындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы пікір алмасты. Әсіресе, «Journal of Central Asian Studies» журналының халықаралық ғылыми кеңістікте ілгерілету мәселелеріне баса назар аударылды.
Тараптар Орталық Азия мәселелеріне маманданған жетекші халықаралық сарапшыларды журналға мақала жариялауға тарту мақсатында бірлескен бастамаларды дамытуға уағдаласты. Сонымен қатар ғылыми өзара алмасуды нығайтып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында бірлескен ғылыми іс-шаралар, соның ішінде семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру жоспары талқыланды.