Мәскеуде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шарттың он жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі ұйымдастырған іс-шараға қос елдің жоғары деңгейдегі өкілдері, сарапшылары, дипломаттары, депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында екіжақты қарым-қатынастардың болашағы мен дамуына қатысты мазмұнды және сындарлы пікір алмасу өтті.
Қазақстан тарапынан іс-шараның тең-модераторы ретінде ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов сөз сөйледі. Ол Ресейдің Қазақстан үшін стратегиялық маңызды әріптес әрі көрші екенін атап өтті.
Институт басшысы тұрақты сындарлы диалогтың арқасында қос елдің ынтымақтастығы сапалы мазмұнға ие екенін айтты.
Іс-шара қатысушылары Ресей Федерациясы көшбасшысының Қазақстанға сапарының қорытындысын шығарып, екі ел де бір-бірін сенімді достар ретінде қарастыратынын атап өтті. Бұл ретте одақтастық қатынастар ұлттық мүдделерді өзара құрметтеуге және есепке алуға негізделеді.
2013 жылы жасалған Шарт Қазақстан-Ресей қатынастарын дамыту үшін үлкен маңызға ие. Құжат ынтымақтастықтың пәрменді тетіктерін бекітіп, ұзақ мерзімді перспективада мемлекетаралық достық қатынастардың жиегін белгіледі.