Skip to content
Басты бет » Қазақстандықтар үшін отбасы да, мансап та маңызды – ҚСЗИ сауалнамасы

Қазақстандықтар үшін отбасы да, мансап та маңызды – ҚСЗИ сауалнамасы

Айгүл Забирова

Айгүл Забирова,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

бас ғылыми қызметкері

Қазақстандықтардың көбі өздері үшін барлығы маңызды екенін жиірек айтуда. Мәселе олардың таңдау жасай алмауында емес, қазіргі өмірдің бір ғана шешімді талап етпейтінінде.

Әлеуметтанулық зерттеу деректері кейде тек үрдісті ғана көрсетіп қоймай, бізді, яғни әлеуметтанушыларды бір сәт аялдап, ойлануымызға мәжбүрлейді. Кейде тіпті таңғалдырады да.

Міне, қазір де дәл солай болып отыр. Өмірлік құндылықтар қаншалықты маңызды деген сұраққа жауаптарды қарасаң, таңқаларлық үйлесімділік байқалады: барлық нәрсе бірдей маңызды сияқты! Әрі жай ғана маңызды емес, өте маңызды. Мысалы, тәуелсіз болуды сауалнамаға қатысушылардың 90%-ы, өзін-өзі күтінуді респонденттердің 91%-ы, өмірлік серігіне адал болуды 92%-ы және Отанға адал болуды 89%-ы «өте маңызды» деп санайды[1].

Отбасы, балалар, жауапкершілік, даму – бәрі өте маңызды екен. Сол кезде ойға: «Тоқтай тұр, ал таңдау қайда?» деген сұрақ сап ете қалады. Егер бір нәрсе басқа нәрселерден маңыздырақ болса, екінші нәрсе маңыздылығы төмендеу орынға жылжуы керек емес пе? Бірақ мұнда ондай жоспар жүзеге  аспайды. Қазақстандықтар бір уақытта бірнеше нәрсені:

  • тәуелсіз болуды (90%);
  • бала сүюді (87%);
  • некеде болуды (81%);
  • дамуды (81%);
  • өзіне жауапкершілікті алуды (85%) маңызды деп есептейді.

Әрі бұл қарама-қайшылық емес. Бұл – жаңа табиғи жағдай. Неге бұлай? Өйткені қазір біз бұл құндылықтарды бір-біріне кереғар деп есептемейміз. Бұл енді бұрынғыдай «не мынаны немесе ананы» таңдау емес, қалыпты үйлесім: яғни тәуелсіз болуға болады, бірақ сонымен бірге отбасын құруға да болады; мансап жасауға, бірақ отбасы мен жұмыстың теңгерімін де қалауға болады; дамисың, бірақ өзгелерге де қамқор боласың. Бұл XXI ғасырдағы адамның жаңа, қалыпты өмір логикасы. Егер ертеректе өмірлік таңдау «қатал» еді: отбасы немесе мансап; дәстүр немесе заманауилық. Қазір шекаралар шырмалып, қабаттасып кеткен. Яғни, адам бірден бірнеше күйде өмір сүреді және бұл қалыпты жағдайға айналып барады. Дәл осы жерде біз, әлеуметтанушылар, тек құндылықтар жиынтығының ғана емес, адамның әлеуметтік мінезінің өзгерісін байқаймыз.

Егер бұл жаңа сипатты қарапайым сөзбен айтатын болсақ, бұл адам бір жағынан өзіне ғана сенгісі келеді, бірақ жалғыз да қалғысы келмейді. Ол отбасынан бас тартпайды, бірақ оған толық сіңіп те кетпейді. Мансапқа ұмтылады, бірақ жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігін сақтағысы келеді (87%). Сауалнамаға қатысқандардың 74%-ы цифрлық дағдыларды дамыту маңызды деп біледі, бірақ 46%-ы кейде интернеттен толық ажыратылу мүмкіндігінің болуы маңызды деп санайды.

Бұл нәзік тепе-теңдік күйі. Бұл шектен шығушылық емес, бұл бір мезетте бәрін бірдей ұстап тұруға ұмтылу әрекеті. Осы жағдайдағы ерекше қызық нәрсе – отбасының орны. Алғаш қарағанда бәрі анық: отбасы ең маңызды құндылық болып қала беруде. Респонденттердің 87%-ы бала сүюді, 81%-ы некеде болуды, ал 88%-ы жақын қарым-қатынас ортасының болуы маңызды деп санайды. Бірақ байқап қарайтын болсақ, өзгерістің орын ала бастағанын көруге болады. Бұрын отбасылы болу қалыпты нәрсе болып қабылданатын, ал қазір отбасы маңызды нәрсе болып қалса да, таңдау ретінде қабылданатын бола бастаған. Отбасылы болу маңыздылығы солай болу керектігінен емес, мықты тірек бола білу қасиетіне байланысты. Жаңа құндылықтар жүйесінде отбасы енді жеке бастылыққа қарсы тұрмайды, керісінше оны қолдайды.

Жауапкершілік мәселесінде де ұқсас үрдіс байқалады. Бір жағынан, адамдар тәуелсіздік пен өзін-өзі жүзеге асыру туралы барған сайын жиі айта бастады. Екінші жағынан, моральдық құндылықтардың маңызы әлі де жоғары: өмірлік серігіне адалдық (92%), Отанға деген адалдық (89%), жеке жауапкершілік (85%). Яғни адам бұрынғыдан дербес бола түскенімен, қоғаммен байланысы әлсіреген жоқ.

Бұл көріністі одан әрі күрделендіретін тағы бір нәрсе бар. Бұл – цифрлық өмір. Цифрлық әлем күнделікті қалыпты жағдайға айналды, бірақ сонымен бірге ол адамдарды шаршата бастады. Бұл – бүгінгі заманға тән ерекше сезім.

Мәселе, бәлкім, қазақстандықтартың нақты нені қалайтынында емес шығар. Бастысы – бәріне бірдей ие болғысы келетін осы ниеттің түп-төркіні неде екендігінде. Бұл таңдау еркіндігі ме, әлде таңдау жасау қажеттілігінен бос болу ма? Барлығын бірден қалаған қоғам, мүмкін, ақыры өзіне шектеусіз армандауға мүмкіндік беріп отырған шығар. Немесе оның құндылықтар жүйесі әлі де қалыптасу үстінде. Ал, бәлкім, бұл – соңғы шешім қабылдауға асықпайтын қоғам шығар, өйткені ондай таңдаудың қандай бағамен келетінін бұрыннан біледі. Деректер нақты жауапты бермейді. Бірақ олар осы сұрақты анық алға тартады.

Осы кезде «мұның бәрі нені білдіреді?» деген негізгі сұрақ туындайды. Егер жалпы көріністі тұтас қарасақ, айқын бір бейне қалыптасады. Бұл – ескі мен жаңаның арасында қатаң таңдау жасамайтын адам. Ол екеуін қатар ұстап тұр. Біз, шын мәнінде, өмірдің әр түрлі қырлары қатар өмір сүретін жаңа күйге өтіп жатқандаймыз. Адамдар отбасыны мансапқа, тұрақтылықты еркіндікке «айырбастауға» дайын емес. Бәлкім, бүгінгі басты мәселе оның қандай болуы керектігінде емес шығар. Бастысы – біз оны сол қалпында көре алуға қаншалықты дайынбыз.


[1] 2025 жылғы 11 шілдеден 12 тамызға дейін КСЗИ тапсырысы бойынша жүргізілген сауалнамаға 8 000 респондент қатысты. Сауалнамаға елдің 17 өңірінен және республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан адамдар қатысты.

Дайджест жаңалықтарына жазылу