Skip to content
Басты бет » Қазақстанның экономикалық жаңғыруы: ұзақ мерзімді бағдарлар және азаматтардың күнделікті қажеттіліктері

Қазақстанның экономикалық жаңғыруы: ұзақ мерзімді бағдарлар және азаматтардың күнделікті қажеттіліктері

Жанар Тулиндинова,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Медиажобалар бөлімінің басшысы

Биыл Президент Жолдауын жұртшылық ерекше асыға күтті деуге болады. Соңғы жылдары ол дәстүрлі түрде Парламент сессиясының ашылуына орай жарияланып келгендіктен, Мемлекет басшысының сөз сөйлеуі Республика күнінен кейін, қазан айының соңына ауыстырылуы қоғамның қызығушылығын арттырып, үмітін күшейтті. Жолдаудың мазмұны бұл үмітті толық ақтады.

Құжаттың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» деген атауының өзі онда жоспарлаудың екі көкжиегі ұштасқанын көрсетеді. Бірінші кезекке шұғыл шешім қабылдауды талап ететін міндеттер шыққанымен, ұзақ мерзімді перспектива да айқын сақталған. Нақты тапсырмалардың астарынан Қазақстан экономикасының болашағына қатысты стратегиялық көзқарас байқалады.

Жолдаудың серпінді әлеуеті ұсынылған инфрақұрылымдық жаңғыртудың ауқымында жатыр. Өйткені «халықтық құрылыс» қазіргі экономика мен күнделікті өмірдің барлық дерлік саласын қамтиды: автомобиль және теміржол жолдары, энергетика, сумен жабдықтау, инженерлік желілер, цифрлық инфрақұрылым, мектептер мен ауруханалар.

Бұл ауқымға жүйелі құжаттармен жүргізілетін жұмыс та сай келеді: Азаматтық кодексті жаңарту, ұзақ мерзімді энергетикалық теңгерімді әзірлеу және цифрлық экономика саласындағы бағдарламалық шешімдер.

Президент Әкімшілігіне Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, ғылыми орталықтардың, ең алдымен Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қатысуымен ел дамуының басымдықтарына қатысты ұзақ мерзімді көзқарасты айқындайтын құжат дайындау жөнінде берілген тапсырманың маңызы ерекше. Сірә, қолданыстағы жоспарлар мен стратегияларды сыни тұрғыдан қайта пайымдап, алыс көкжиектерді белгілеп, басқарушылық шешімдерді соларға сәйкес қалыптастыру қажет болады.

Бір қызығы, Жолдаудың өзі барынша нақты, өмірге жақын әрі шынайы. Орындалуы күмәнді жобалар мен әсіре ауқымдылық жоқ. Президент жол төсемінің сапасы, автомобиль өткізу пункттерінің жай-күйі, желілердегі су шығыны, электр станцияларын пайдалануға берудің кешігуі туралы айтады. Мұндай егжей-тегжейлі талдау ірі экономикалық жобалардың нақты жергілікті мәселелер шешілмегендіктен қай тұста іркілетінін терең түсінетінін көрсетеді.

Бұл ретте халықтық цифрлық экономикаға қатысты ұстаным айрықша назар аударады. Қазақстанның осы салада қазірдің өзінде елеулі негізі мен бәсекелік артықшылықтары бар: дамыған әрі қолжетімді цифрлық инфрақұрылым, цифрлық ортаның ашықтығы, шектеулердің болмауы, халық арасында банк қосымшаларын, маркетплейстерді және электрондық қызметтерді пайдалану дағдыларының кең таралуы. Ендігі қадам – осы әлеуетті азаматтардың өздері табыс тауып, кірістерін арттыра алатын мүмкіндіктерге айналдыру.

Мәселеге қарау тәсілінің өзі де назар аударарлық: цифрлық экономика қарапайым қазақстандықтың күнделікті тұрмыстық міндеттері тұрғысынан қарастырылады. Шағын фермер сатып алушыны қалай табады? Ауылдағы өндіруші маркетплейске қалай шығып, жеткізуді ұйымдастырып, төлемді қалай алады? Мемлекеттік қолдауды банктердің, сауда алаңдары мен логистикалық компаниялардың мүмкіндіктерімен қалай ұштастырып, осы құралдарды оның табысын арттыруға бағыттауға болады?

Бұл сауалдардың артында баршаға түсінікті мақсат тұр: смартфон адамға табыс табуға көмектесетін жұмыс құралына айналуға тиіс. Ал елдің цифрлық жетістіктері адамдардың қай жерде тұратынына қарамастан, олардың жеке мүмкіндіктерін кеңейтуі керек.

Ұсынылған бағыттың шынайылығы да осында көрінеді. Ол нақты қажеттіліктерге, бәсекелік артықшылықтарға және бұрыннан жасалған шешімдерге сүйенеді.

Меніңше, Жолдаудың ең басты ерекшелігі де осы – ұзақ мерзімді көкжиек пен дамудың күнделікті жағдайларына жіті назар аударудың үйлесуі. Ондаған жылға арналған пайым сапалы жолдан, сенімді электрмен жабдықтаудан, қолжетімді судан және өз еңбегімен табыс табу мүмкіндігінен басталады. Осы міндеттерді біртұтас экономикалық стратегияға біріктіре алу қабілеті оның серпінді әлеуетін айқындайды.