Skip to content
Басты бет » Көпшілік бір мезетте үн қатқанда

Көпшілік бір мезетте үн қатқанда

Айгүл Забирова

Айгүл Забирова,

ҚР Президенті жанындағы

ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері

Қазақстандықтардың 98,6%-ы қажырлы еңбек міндетті түрде марапатталуы тиіс деген пікірмен келіседі[1]. Респонденттердің 92,2%-ы үшін ата-анасының олармен мақтанғаны маңызды. 91,6%-ы ғылым мен технологияларды оң бағалайды. 89,4%-ы теңдік неғұрлым көп болса, проблемалар соғұрлым азаяды деп есептейді. Әлеуметтанушы мұндай деректерді талдай отырып, бір құндылық басым түседі деп күтеді. Құндылықтар арасынан өзегін, яғни адам қалғанының бәрінен бас тартуға дайын болатын негізді көреді деп болжайды. Алайда бұл жерде ондай өзек жоқ. Оның орнына –  барлығымен бірдей жоғары деңгейде келісу байқалады.

Мұндай қалай болуы мүмкін? Дәл сол сұрақ еркіндік теңдікпен қатар қойылғанда, респонденттердің 63,3%-ы еркіндікті таңдайды. Ал еркіндік қауіпсіздікпен салыстырылғанда, көпшілік қауіпсіздікті қалайды. Бұл деректердегі қайшылық емес. Бұл  –  деректердің өзі. Сандардан құралған көрініс бізге барлығын маңызды деп санайтын қоғамды көрсетеді. Мәселе мұның артында не жатыр деген сұрақта. Әлеуметтік теориялар ұсынатын алғашқы түсіндіру көңілге тыныштық береді. Бұл – өтпелі кезең. Саясаттанушылар мұны «транзит» деп атар еді. Мәдениеттанушылар болса, ескі құндылықтар әлі сақталып тұр, бірақ жаңа құндылықтар да келіп үлгерді дер еді. Аздап күте тұрсақ, бәрі өз орнына келеді.

Деректер мұны растамайды. Егер бұл шынымен өтпелі кезең болса, біз ұрпақтар арасындағы айқын айырмашылықты көрер едік. Жоғары білімі бар қала жастары бір типтегі жауап беріп, ал ауылдағы аға буын мүлде басқа ұстанымдарды көрсетер еді. Алайда Алматыдағы жас банкир мен Шымкент маңындағы әжесі ұқсас жауаптар береді. Әрине, олар бірдей емес –  өмір сүру әлемдері бөлек. Бірақ жауаптардың құрылымы бірдей. Бұл – өтпелі кезең емес. Өйткені өтпелі кезең бір құндылық екіншісін ығыстырады дегенді білдіреді. Мұнда ештеңе ештеңені ығыстырып жатқан жоқ.

Он жыл бұрын мен шетелдік университеттен жұмысқа шақырту алған едім. Бұл – аспирантурада, докторантурада жүргенде ойлайтын арманың, өмірің қалай өрбуі мүмкін екенін елестететін сәт. Алғашқы ой – арман туралы болды. Екінші ой – «анам не дер екен?» Бірақ мұнда анамның қалай қабылдайтыны немесе мен кетуімді қалай түсіндіретінім туралы емес. Дәл сол «не дер екен?» дегеннің өзі. Сол бір ой – бір жерде алдын ала үкім шығарылып қойғандай, маған тек соны есту ғана қалғандай әсер етті. Бұл екі ой бір-бірімен таласпады. Олар жай ғана қатар өмір сүрді – әр түрлі әлемдерден, әр түрлі тілдерден келгендей, және ешқайсысы екіншісіне жол беруге ниетті емес еді. Мен шетелге кеттім. Бірақ бұл бір дауыстың жеңгенін білдірмейді.

Менің ойымша, біз қозғалысты емес, қатар өмір сүруді байқап отырмыз. Қазақстандық адамның ішінде бір мезетте бірнеше координаттар жүйесі жұмыс істейді. Солардың бірі – кеңестікке дейінгі жүйе, онда отбасы мағына көкжиегі ретінде қарастырылады. Кеңестік жүйе, ол еңбекке табыну мен формалды теңдікке негізделген. Посткеңестік жүйе, оның өзегінде қауіпсіздікке ұмтылу инстинкті жатыр. қазіргі нарықтық жүйе, ол жетістік тілі мен жеке бастаманы алға шығарады. Бұл жүйелер бірін-бірі алмастырған жоқ және иерархияға да айналмады. Олар параллель жұмыс істеуді үйренді, ал адам олардың арасында бағдарлануды үйренді.

Бұл – сауалнама ішінде көрінбейтін, бірақ оның сандарынан байқалатын құбылыс. Қазақстандық адам сұраққа жауап бергенде, қай жүйеден жауап беретінін таңдамайды. Барлық жүйелер бір мезетте жауап береді. Сондықтан 98,6% – қажырлы еңбектің марапатталуы тиіс деген пікірді қолдайды, ал 92,2% – ата-анасының өздерімен мақтануы маңызды дейді. Бірінші көрсеткіш нарықтық координаттар жүйесінен келеді, екіншісі – кеңестікке дейінгі жүйеден. Және бұл екеуі де бір адамның шындығын көрсетеді.

Ұқсас қатар өмір сүруді Польша, Түркия, Оңтүстік Корея бастан өткерген. Бірақ Қазақстанда жүйелер саны көбірек және олардың арасындағы қашықтық әлдеқайда үлкен. Рулық-генетикалық жадтан посткеңестік нарыққа дейінгі төрт түбегейлі әр түрлі дәуір небәрі жүз жылдың ішінде ғана еңсерілген! Осы жүйелердің барлығын бір мезетте ұстап тұру, қайшылық сезінбей өмір сүру – бұл шатасу да, жетілмегендік те емес. Әлеуметтануда мұндай күйдің нақты атауы бар – амбиваленттілік. Бұл – адамның күнделікті өмір деңгейінде меңгерген дағдысы.

Сонда «маған бәрі маңызды» деген жауаптың мәні түсінікті бола бастайды. Бұл – таңдаудан жалтару емес. Және бұл – бәріне айтылған мазмұнсыз «иә» де емес, адамның ішкі құрылымын дәл сипаттау. Адамның ішінде шын мәнінде бірнеше координаттар жүйесі бір мезетте жұмыс істейді және олардың ешқайсысы басым емес. Ол «отбасы да, жетістік те, тұрақтылық та, еркіндік те маңызды» дегенде қатысы жоқ, керісінше өзінің басымдықтарының нақты құрылымын білдіріп отыр. Бұл – әлсіздік те емес, жетілмегендік те емес. Бұл – қоғамның өзін сипаттайтын тілі, әлі басқа тіл қалыптаспаған кезеңде қолданылып отырған тіл.

Бұдан бір ғана қорытынды емес, нақтылау туындайды. «Бәрі маңызды» дейтін қазақстандық – басымдықтары жоқ адам емес, керісінше басымдықтары біз үйренгеннен басқаша адам. Бұл иерархия емес, бір мезетте жұмыс істейтін бірнеше жүйе. Сонда «егер бұл өтпелі сәт емес, тұрақты құрылым болса, біз оны қалай дәлірек сипаттаймыз?» деген сұрақ туындайды. Бұл адамды түсіндіру үшін емес. Оны шынымен есту үшін. Бір ғана емес, оның барлық координаттар жүйесін бір мезетте есту үшін.  


[1] Әлеуметтанулық сауалнама 2024 жылғы 11 мамыр мен 22 маусым аралығында ҚЗСИ тапсырысы бойынша жүргізілді. Іріктемелік жиынтық көлемі – 8 000 респондент. Сауалнамаға 18 жастан асқан респонденттер Қазақстанның 17 облысынан, сондай-ақ республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан қатысты.

Дайджест жаңалықтарына жазылу