Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ директоры америкалық сарапшылармен Қазақстанның саяси дамуының жаңа кезеңін талқылады

ҚСЗИ директоры америкалық сарапшылармен Қазақстанның саяси дамуының жаңа кезеңін талқылады

29 маусым күні Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапары аясында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов Вашингтон қаласында америкалық жетекші зерттеу орталықтарының өкілдерімен бірқатар сараптамалық кездесулер өткізді.

Алғашқы кездесу халықаралық қатынастар мен қауіпсіздік саласындағы АҚШ-тың беделді талдау орталықтарының бірі – Atlantic Council жанындағы Eurasia Center алаңында өтті. Еуразия орталығы Шығыс Еуропа, Кавказ, Орталық Азия және Еуразияның өзге де өңірлеріне қатысты мәселелерге маманданған.

Сараптамалық дөңгелек үстелге Atlantic Council, RAND Corporation, Hudson Institute жәнеCaspian Policy Center ұйымдарының жетекші америкалық сарапшылары қатысты. Олардың қатарында Atlantic Council-дың Еуразия орталығының аға директоры, елші Джон Хербст, аға ғылыми қызметкер Ариэль Коэн, елші Уильям Кортни, елші Ричард Хогланд, Кен Мориясу және Еуразия мәселелері жөніндегі өзге де сарапшылар болды.

Пікірталас барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Жандос Шаймарданов Қазақстандағы конституциялық реформаның іске асырылу барысына жан-жақты тоқталып, оның демократиялық институттарды нығайтуға, Парламент өкілеттіктерін кеңейтуге және адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Сондай-ақ ҚСЗИ директоры жүргізіліп жатқан реформалардың Қазақстанның халықаралық аренадағы ұстанымына оң әсер етіп отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, бұл өзгерістер шетелдік серіктестер тарапынан сенімді нығайтып, еліміздің ашықтық, құқықтық мемлекет қағидаттары мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау ұстанымдарына бейілділігін растайды.

Сонымен қатар ҚСЗИ директоры АҚШ Конгресі кітапханасы жанынан жұмыс істейтін АҚШ Конгресінің тәуелсіз зерттеу қызметі – Congressional Research Service (CRS) мекемесіне барды. CRS мемлекеттік саясаттың кең ауқымды мәселелері бойынша Конгресс мүшелері мен бейінді комитеттерді зерттеулермен қамтамасыз ететін АҚШ-тың негізгі талдамалық институттарының бірі болып саналады.

CRS сарапшыларымен кездесу барысында Жандос Шаймарданов конституциялық реформаның негізгі бағыттарын түсіндіруді жалғастырып, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейтуге бағытталған институционалдық өзгерістерге, сондай-ақ азаматтардың саяси үдерістерге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударды. Сонымен қатар адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігі мәселелері жеке талқыланды.

Өткізілген кездесулер халықаралық сараптамалық диалогты нығайтуға, жетекші шетелдік талдау орталықтарымен әріптестік байланыстарды дамытуға, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қауымдастығының Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалардың мәнін, олардың елдің дамуы мен әлемдік аренадағы ұстанымын нығайтудағы маңызын тереңірек түсінуіне ықпал етті.

Дайджест жаңалықтарына жазылу