2026 жылғы 16 маусымда Кабул қаласында «Өңірлік ынтымақтастықты дамытудағы талдау орталықтардың стратегиялық рөлі» тақырыбында Ауғанстан және Орталық Азия талдау орталықтарының форумы өтті. Іс-шараға Орталық Азия елдері, Ауғанстан және Әзербайжанның жетекші зерттеу орталықтарының басшылары мен сарапшылары қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Жандос Шаймарданов онлайн форматта талдау орталықтары арасындағы ынтымақтастық пен институционалдық алмасуға арналған бірінші сессияға қатысты.
Өз сөзінде Ж. Шаймарданов Ауғанстан мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастардағы диалог, сенім және прагматикалық әріптестік тұрақтылық пен өзара байланыстылық қағидаттарына негізделуі тиіс екеніне сенім білдірді.
ҚСЗИ директоры ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Климаттық және су ресурстарын зерттеу саласындағы ынтымақтастықты бірлескен бағалаулар жүргізу және ғылыми деректермен алмасу арқылы нығайту қажет. Сонымен қатар өңір бойынша зерттеушілер, сарапшылар және мемлекеттік саясат саласындағы мамандар үшін академиялық және кәсіби алмасу бағдарламаларын кеңейту маңызды», – деп атап өтті Ж. Шаймарданов.
Форумға сондай-ақ ҚСЗИ сарапшысы Мұхит Асанбаев қатысып, өңірлік тұрақтылық, көлік байланыстылығы және экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне арналған сессияда баяндама жасады.
Форум өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға және Орталық Азия елдері мен Ауғанстан арасындағы сараптамалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға арналған маңызды алаң болды.




