Бейжің қаласында Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты мен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) ұйымдастырған Қазақстан мен Қытайдың талдау орталықтарының III форумы өтті.
Форум Қазақстан мен Қытай арасындағы сараптамалық диалогты дамытуға және зияткерлік ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды. Іс-шараға екі елдің жетекші зерттеу орталықтарының басшылары мен сарапшылары, академиялық қауымдастық өкілдері қатысты.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов халықаралық жағдайдың қарқынды өзгеруі және екіжақты стратегиялық әріптестіктің тереңдеуі жағдайында қазақстандық және қытайлық сараптамалық орталықтар арасындағы зияткерлік әрі сарапшылық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
ҚСЗИ директоры сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, заң үстемдігін нығайтуға және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған заманауи, тиімді әрі бәсекеге қабілетті мемлекет құру.
Форум аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасу өтті. Қатысушылар сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, инвестициялар тарту, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, көлік-логистикалық өзара байланыстылықты жетілдіру перспективаларын, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, білім беру және туризм мәселелерін талқылады.
Форумға қазақстандық тараптан жетекші отандық сараптамалық және ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысты. ҚСЗИ сарапшыларынан бөлек, делегация құрамына Экономикалық зерттеулер институтының, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты жанындағы Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының, сондай-ақ Astana International University мен Almaty Management University өкілдері кірді.




