2026 жылдың 26 маусымы күні ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы Өкілдігінде институт сарапшыларының Таиланд Парламенті жанындағы Король Праджадипок институтының (King Prajadhipok’s Institute, KPI) Бас хатшысы Иссара Сириваттханавутпен кездесуі өтті.
KPI – демократияны дамытуға қолдау көрсету, парламентаризм, саяси үдерістер және мемлекеттік басқару салаларындағы зерттеулер бойынша Таиландтың жетекші ұлттық орталығы. Институттың негізгі қызметі – елдің басшылық құрамына арналған білім беру бағдарламалары мен біліктілікті арттыру курстары, ғылыми зерттеулер, талдамалық және консультациялық қызмет.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Таиланд арасындағы өзара инвестициялар мен бірлескен бизнес-жобалар мәселелерінде сараптамалық сүйемелдеу мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Таиланд Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Сихасак Пхуангкеткеомен өткен келіссөздер барысында қаралған тақырыптар да қозғалды.
Таиландтың Қазақстанға стратегиялық маңызды серіктес ретінде қызығушылығын атап өткен Иссара Сириваттханавут билікті орталықсыздандыру және су ресурстарын басқару мәселелері бойынша практикалық тәжірибе алмасудың маңыздылығын айтты. Таиланд тарапының ерекше қызығушылығын ҚСЗИ-дің ел өңірлерімен өзара іс-қимылы тудырды.
ҚСЗИ-дің Алматыдағы өкілдігінің басшысы Әсел Назарбетова өңірлік өкілдіктердің ашылуы ҚСЗИ-ға «алғашқы дереккөзден» нақты мәліметтер алуға және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өңірлік бөліністегі динамикасын бақылауға мүмкіндік бергенін, бұл институттың талдамалық жұмысының сапасын арттырғанын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің ғылыми-талдамалық қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты жандандыру, оның ішінде бірлескен іс-шаралар мен салыстырмалы зерттеулер жүргізу туралы келісімге қол жеткізілді.




