Skip to content
Басты бет » Нұр-Сұлтанда Қазақстан-Әзербайжан сарапшылар кеңесінің бірінші отырысы өтті

Нұр-Сұлтанда Қазақстан-Әзербайжан сарапшылар кеңесінің бірінші отырысы өтті

Қазақстан Республикасы Президентінің Әзербайжанға сапары қарсаңында Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты және Әзербайжанның халықаралық қатынастарды талдау орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан-Әзербайжан сарапшылар кеңесінің бірінші отырысы өтті.

Отырыс Әзербайжанның халықаралық қатынастарды талдау орталығы басшылығының, депутаттар мен мемлекеттік органдар өкілдерінің, сондай-ақ екі елдің жетекші талдау орталықтарының басшылары мен сарапшыларының қатысуымен өтті.

Отырыстың күн тәртібі – қос ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелеріне, оның ішінде сауда және көлік коммуникациялары саласындағы өзара әрекеттестіктің тиімділігін арттыру, сондай-ақ сараптамалық-талдамалық ынтымақтастықтың рөлін кеңейтуге арналды.

Мысалы, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов екі елдің басшылығы мен мемлекеттік органдарына нақты практикалық ұсыныстар әзірлеу мақсатында ғылыми-сараптамалық ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.

«Біздің міндетіміз Қазақстан-Әзербайжан сарапшылар кеңесі аясында елдеріміздің басшылығына іс жүзінде нәтиже беретін ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

Ең алдымен, Әзербайжан Қазақстан үшін маңызды одақтас, түркі әлеміндегі негізгі акторлардың бірі, стратегиялық маңызды Оңтүстік Кавказ аймағындағы әріптес. Экономиканы әртараптандыру және көлік-коммуникациялық әлеуетті кеңейту мәселесі біздің елдер үшін өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бұл ынтымақтастық үшін жақсы мүмкіндіктер туғызады».

Әзербайжанның халықаралық қатынастарды талдау орталығының Басқарма Төрағасы Фарид Шафиев 30 жыл ішінде Нұр-Сұлтан мен Баку екіжақты қарым-қатынастарды стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін нығайтқанын және ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін үлкен әлеуетке ие:

«Орта дәлізді дамытудың маңыздылығын атап өткім келеді. Геосаяси жағдай тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Әзербайжан көліктік хаб ретінде әлеуетін күшейтуі керек. Қазірдің өзінде әртүрлі бюрократиялық процедураларды жеңілдету бойынша шаралар қабылдануда.

Көлік байланыстары туралы айта отырып, біз тек нақты байланыстарды ғана емес, сонымен қатар кең мағынадағы байланыстарды, соның ішінде талшықты-оптикалық байланыстарды, энергетикалық ресурстарды тасымалдауды және т.б. назарға аламыз».

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым да нақты ынтымақтастықты дамытудың өзектілігін, оның ішінде оларды ертерек заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттілігін атап өтті:

«Жаңа шынайылық біздің екі елдің заң шығарушыларынан мүлде жаңа қарқынды, белсенділік пен болжамды сипаттағы жаңа жұмыс стилін талап етеді. Парламенттер, бір жағынан, жаңа инфрақұрылым салу, жаңа көлік дәліздерін құру жобаларын жедел қарастыруға және ратификациялауға, екінші жағынан, қабылданған келісімдердің тиімді орындалуына қоғамдық-парламенттік бақылауды жүзеге асыруға дайын болуы керек».

Әзербайжан Республикасы Милли Меджлис депутаты Эльшад Мирбашир оглу екі ел арасындағы ынтымақтастықтың табысты болатынына сенімділік білдірді:

«Қазақстан Республикасы Президентінің алдағы сапары Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа кезеңде нығайтуда тарихи рөл атқаратыны сөзсіз. Сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты белсендіруге ерекше назар аударылатын болады».

Әзербайжан Республикасы Милли Меджлис депутаты Расим Мусабеков өз сөзінде Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы бауырластық қарым-қатынаста даулы тұстар жоқ, бұл кез келген салада табысты өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Перспективалы бағыттардың бірі – кеме жасау, мұнай өндіруге арналған құрал-жабдықтарды өндіру және құбырларды тарту.

TALAP Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахим Ошақбаев екі ел арасындағы өзара іс-қимыл форматын кеңейтуге шақырды: «Әзербайжан мен Қазақстан ең үлкен инвестициялық әлеуеті бар елдер ретінде екіжақты ынтымақтастық шеңберінен шығып, аймақта тандемдік көшбасшылық үлгісін құра алады.

Мен сондай-ақ жаңа технологиялық құрылымдар мен цифрлық экожүйелердің маңыздылығын атап өткім келеді. Осы тұрғыда АХҚО әзербайжандық компанияларға экожүйені пайдалану туралы ұсыныс жасай алады. Біздің венчурлық компаниялар үшін әзербайжандық стартаптардың тәжірибесін зерттеу қызықты болар еді».

Талқылау барысында Әзербайжан Дипломатиялық академиясының проректоры Фариз Исмаилзаде екі ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың келешегіне, соның ішінде қос дипломдық білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ғалымдар мен зерттеушілердің қысқа мерзімді сапарларын ұйымдастыру, сондай-ақ ғылыми еңбектерді бірлесіп басып шығаруға тоқталды.

Жалпы, отырысқа қатысушылар екі ел арасындағы өзара тиімді және өнімді ынтымақтастықты айтарлықтай арттыра алатын байланыстардың бірқатар негізгі бағыттарын атап өтті. Сонымен қатар, тараптар Бакуде өтетін екінші кездесуге дейін сараптамалық-талдамалық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.