Skip to content
Басты бет » Президент Жолдауындағы транзиттік әлеует және цифрлық күн тәртібі

Президент Жолдауындағы транзиттік әлеует және цифрлық күн тәртібі

Айша Мұқашева,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің басшысы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаһандық логистиканы трансформациялау мәселесіне айтарлықтай көңіл бөлінген. Дәстүрлі теңіз бағыттарының осалдығы артып, халықаралық ортадағы болжамдылық деңгейі төмендеген жағдайда құрлық дәліздерінің маңызы заңды түрде арта түсуде. Бұл Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, сонымен қатар көлік инфрақұрылымының сапасына қойылатын талаптарды күшейтеді.

Мемлекет басшысы соңғы жеті жылда автомобиль және теміржолдардың бірнеше ондаған мың шақырымы салынып, жөнделгенін, сондай-ақ еліміздің аумағы арқылы Еуропа мен Азияны байланыстыратын көлік, энергетикалық және цифрлық бағыттар өтетінін атап өтті. Бұл келесі кезеңге, яғни жолдарды «жүк ағындарын ұйымдастырушыға» айналдыруға және «көлік тораптарының айналасында сауда алаңдарын» қалыптастыруға берік негіз қалайды. Транзиттік ел рөлінен хаб мәртебесіне көшу сервистік, қоймалық және сауда инфрақұрылымын дамытуды көздейді. Басқаша айтқанда, бұл – жүктердің өтуін қамтамасыз етумен ғана шектелмей, ел ішінде қосылған құн қалыптастыратын жұмыс.

Практикалық тұрғыдан алғанда, көлік саласын толық цифрландыру мәселесінің көтерілуі ерекше маңызды. Президент жасанды интеллект дәуірінде жаһандық транзиттік ағындарды «қағаз жүкқұжаттары арқылы» басқару қазіргі заман талаптарына сай келмейтінін нақты атап өтті. Бұл тұжырыммен келіспеу қиын: бүгінде көлік дәлізінің бәсекеге қабілеттілігі жол жабынының сапасымен ғана емес, жүктерді өткізу рәсімдерінің жылдамдығымен, ашықтығымен және өзара үйлесімділігімен де айқындалады. Электрондық жүкқұжаттар, көршілес елдердің жүйелерімен интеграция және деректермен үздіксіз алмасу жүк жөнелтушілер үшін маршруттың тартымдылығына тікелей әсер ететін факторларға айналуда. Бұл тетіктерсіз, тіпті дамыған жол желісінің өзі транзиттік әлеуетін толық көлемде іске асыра алмайды.