Skip to content
Басты бет » Республика адамдардан басталады

Республика адамдардан басталады

Айгүл Забирова

Айгүл Забирова,

әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
бас ғылыми қызметкері

Өңірлер арасындағы адами байланыстар қазақстандықтарға бір елдің перзенті екенін сезінуге қалай көмектеседі

Республика күні Қазақстан мемлекеттілігінің қалай қалыптасқаны туралы ғана емес, елдің әр түкпірінде тұратын адамдарды не біріктіретіні туралы да ой салады. Біз бір мемлекетте, бірақ әр түрлі қалалар мен облыстарда тұрамыз. Әдетіміз де, тұрмыс жағдайымыз да, күнделікті тіршілігіміз де әртүрлі. Сонда бізге бір қоғамның бөлшегі екенімізді сезінуге не көмектеседі? Бұл ретте қарапайым адами қарым-қатынастың орны қандай?

Көптеген қазақстандықтың басқа өңірлерде туысы немесе досы бар. Біреу оқуға барып, Алматыда қалып қойды, біреу жұмыс бабымен Астанаға көшті, енді біреу басқа қалада шаңырақ көтерді. Адамдар бір-біріне қонаққа барады, той-томалақта қауышады, алыста жүрсе де хабарласып тұрады. Елдің әр бөлігін жалғайтын мыңдаған жеке тағдыр осылай өріледі. Алайда басқа өңірде туыстың немесе достың болуы адамның сол өңір тұрғындарымен ортақтық сезімін қаншалықты күшейтеді? ҚСЗИ тапсырысымен жүргізілген сауалнамалардың бірінде респонденттерге «Сіздің ойыңызша, Сіздің өңіріңіз тұрғындарының Қазақстанның қай өңірлерінің тұрғындарымен ортақ тұстары көп?» деген сұрақ қойылды[1].

Адамдар жақындасқанда

Сауалнама нәтижелері айқын болып шықты. Егер адамның басқа өңірде туысы немесе досы болса, әр үш жағдайдың біріне жуығында (29,9%) ол екі өңір тұрғындарының ортақ тұстары көп деп санайды. Мұндай байланыс болмаса, бұл көрсеткіш небәрі 6,9%. Айырмашылық 4,3 есе. Әрине, ұлттық ортақтық сезімін дәл туыстар мен достар тудырады деп кесіп айтуға болмайды. Бәлкім, адамға өзіне жақын санайтын жандармен араласу оңайырақ шығар. Дегенмен бұл екі құбылыстың арасындағы байланыс анық: басқа өңірде туысы немесе досы бар адамдар сол өңір тұрғындарын өздеріне жақын деп әлдеқайда жиі қабылдайды.

Бұл тек көрші облыстарға ғана қатысты емес. Мәселен, Алматыда туысы немесе досы бар астаналықтардың 60,9%-ы екі қала тұрғындарының ортақ тұстары көп деп есептейді. Ал Шымкентте жақындары бар алматылықтардың 49%-ы осылай ойлайды, мұндай байланысы жоқтар арасында бұл үлес небәрі 17,2%. Аталған үш қаланың тарихы да, тіршілік ырғағы да, әлеуметтік ортасы да әртүрлі. Бірақ қашықтық адамдардың байланысын сақтауына да, бір-бірінен ортақ қасиет көруіне де кедергі емес. Әрине, ортақтық сезімі тілдік орта, мәдени дағды, өмірлік тәжірибе сияқты басқа да жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Солай бола тұрса да, жеке қарым-қатынас бұл суреттің маңызды бөлігі болып қала береді.

Қазақстан сияқты байтақ ел үшін мұның мәні ерекше. Туыстық және достық байланыстар қалалар мен облыстарды жалғайды, адамдарға бір-бірін жақынырақ тануға, ортақ тіл табуға, бір қоғамның бөлшегі екенін сезінуге көмектеседі. Елдің бірлігін нығайтатын адами жақындық дәл осындай күнделікті қарым-қатынастан құралады.

Бөлек, бірақ бөтен емес

Байланыс адамдарды бірдей етпейді. Басқа өңірде туысы бар адамдар айырмашылықты өзгелермен шамалас байқайды: «ортақ тұсы аз» деген жауап олардың арасында 13,3% жағдайда кездеседі, мұндай байланысы жоқтарда 11,6%. Бірақ олардың ортақтықты сезінуі айырмашылықты сезінуінен екі есе жиі. Байланыс ештеңені өшірмейді. Ол қосады. Мұнда ешқандай қайшылық жоқ. Басқа қаладағы туыстарыңның тіршілік ырғағы, әдеті, нені маңызды санайтыны өзгеше екенін біле тұра, тойына барып, мерекеде хабарласып, қонаққа күтуге болады. Жақындық бірдейлікті талап етпейді. Адамдар айырмашылықты көре тұра байланысын үзбейді, сондықтан да бұл байланыс берік: айырма байқалған сәтте ол шашырап кетпейді.

Елді адамдардың өзі біріктіреді

Еліміздің бірлігі ортақ азаматтыққа, мемлекеттік институттарға, заңдар мен рәміздерге негізделеді. Бірақ ол адамдар арасындағы күнделікті қарым-қатынастан да құралады. Мүшелері әр облыста тұратын отбасылардан. Университет бітірген соң да үзілмеген достықтан. Көшу, жұмыс, оқу арқылы пайда болған таныстық пен байланыстардан. Бұл байланыстардың әрқайсысы өз алдына бөлек. Туыстарына телефон соққанда немесе достарына қонаққа барғанда адам ұлттық бірегейлік немесе ортақ төлқұжат туралы ойламайды. Бірақ бұл қарым-қатынастар жиыла келе бір қоғамға тиесілілік сезімі нығаятын күнделікті іргетасты құрайды. Біздің деректер жеке байланыстар жалпыұлттық бірегейлікті өздігінен қалыптастырады деп айтуға негіз бермейді. Бірақ олар мұндай байланыстардың басқа өңір тұрғындарымен ортақтық, бірегейлік сезімінің айқынырақ болуымен қатар жүретінін көрсетеді. Бұл Қазақстан үшін маңызды ресурс. Отбасындағыдай, елдің бірлігі де бірдейлікке емес, әртүрлі адамдардың бір-біріне бөтен болмауына сүйенеді. Бәлкім, Республика күнінің басты мәндерінің бірі де осында шығар. Біз ортақ мемлекеттің барын ғана емес, адамдардың өзі біріктірген қоғамға тиесілі екенімізді де атап өтеміз.


[1] Қоғамдық пікірге сауалнама ҚСЗИ тапсырысымен 2025 жылғы 3 қазан мен 5 қараша аралығында жүргізілді. Іріктеме көлемі 8000 респондентті құрады. Сауалнамаға 17 облыстың және республикалық маңызы бар 3 қаланың (Астана, Алматы және Шымкент) 18 жастан асқан тұрғындары қатысты.

Дайджест жаңалықтарына жазылу