Замира Жолдасқызы,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру, заманауи агротехнологияларды енгізу және инвестициялар тарту жөніндегі міндеттерді айқындады. Мемлекет басшысы су шығынын азайтуға және ауызсуды өнеркәсіптік әрі техникалық мақсаттарда пайдалануға жол бермеуге ерекше назар аударды. «Судың нақты құны ескерілуі тиіс», – деп атап өтті Президент.
Бұл тұжырымның экономикалық маңызы зор. Су – ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және қалалық инфрақұрылым үшін стратегиялық ресурс. Сонымен қатар суды пайдалану тиімділігі қолжетімді су көлемімен ғана емес, басқару сапасымен, қолданылатын технологиялармен және су үнемдеуге ынталандыратын экономикалық тетіктермен де айқындалады.
Аталған міндеттер елдегі жалпы су тұтыну көлемінің шамамен 60%-ы тиесілі агроөнеркәсіптік кешен үшін ерекше маңызды. Осыған байланысты ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту заманауи суару жүйелерін енгізумен, агротехнологияларды жетілдірумен және су тұтынуды ұтымды жоспарлаумен қатар жүруі қажет. Заманауи суару жүйелері судың шығынын орта есеппен 20-30%-ға азайтуға мүмкіндік береді. 2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша мұндай жүйелер қолданылатын алқаптардың көлемі 702,3 мың гектарға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда үш есеге жуық ұлғайды. Бұл аграрлық сектордың біртіндеп өндірістің неғұрлым технологиялық әдістеріне көшіп жатқанын көрсетеді.
Су саласын одан әрі дамытудың маңызды шарты – инвестиция тарту. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің деректеріне сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айында су саласының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 192,6 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар 2026–2028 жылдары су үнемдеу технологияларына инвестициялық субсидия беруге 214,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылдық кезеңдегі көлемнен төрт есеге жуық көп. Мемлекеттік қолдау шаруаларға заманауи суару жүйелерін сатып алу және орнату шығындарының 80%-ына дейінгі бөлігін өтеуге мүмкіндік береді.
Инвестициялардың артуы отандық өндіріс пен технологиялық нарықты дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Соңғы екі жылда Қазақстанда заманауи ирригациялық жабдықтар шығаратын кәсіпорындар саны төрттен жетіге дейін өсті. Олардың жиынтық өндірістік қуаты жылына 3 390 жаңбырлатып суару машинасын құрайды. Осылайша, су үнемдеу технологияларын дамыту отандық жабдықтарға, инженерлік шешімдерге және білікті мамандарға деген сұранысты қалыптастырып, бизнес пен өнеркәсіп үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады.
Президенттің ауызсуды мақсатсыз пайдалануға, атап айтқанда, автокөлік жуу орындарында қолдануға жол бермеу жөніндегі тапсырмасы да ерекше назар аударуды қажет етеді. Ауызсуды дайындау суды тазартуға, сапасын бақылауға және тасымалдауға шығын жұмсауды талап етеді. Сондықтан тиісті талаптар мүмкіндік беретін өнеркәсіптік және техникалық процестерде айналымды және суды қайта пайдалану жүйелерін дамыту орынды. Қазақстанда 2030 жылға қарай өнеркәсіпте суды қайта пайдалану үлесін 13%-дан 28%-ға дейін арттыру көзделген. Бұл бағыт суды тазарту мен қайта пайдаланудың заманауи технологияларына инвестиция тарту үшін де жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.
Сонымен бірге судың нақты құны қағидаты тарифтік тетіктерді жетілдіруді ғана емес, ресурстарды басқару тиімділігін арттыруды да көздейді. Суды тұтынуды дәл есепке алу, желілердегі шығынды азайту, цифрлық шешімдерді енгізу және су үнемдеуді экономикалық тұрғыдан ынталандыру халық үшін ауызсудың қолжетімділігін сақтай отырып, оны ұтымды пайдалануға жағдай жасайды.


