Неге әлеуметтік желі мен интернеттегі БАҚ-тың қарқынды дамуына қарамастан телевизия әлі күнге жоғары сенімге ие?

Айгүл Забирова,
ҚР Президенті жанындағы
ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері
Қазақстанда бүгінде гибридті медиакеңістік қалыптасып келеді. Әлеуметтік желілер мен интернет-БАҚ-тың пайда болуымен бәсекелестік артқанымен, телевизия әлі де сенімділік көшін бастап тұр. ҚСЗИ деректеріне сүйенсек, қазақстандықтардың 59%-ы теледидарға сенеді екен. Ал әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге – 34,7%, интернет-БАҚ-қа – 30,3% сенім білдіреді. Бұл көрсеткіштер теледидардың басты сенім арнасы болып қала беретінін, бірақ бұрынғыдай беделді емес екенін аңғартады. Жаңа ақпараттық иерархия жағдайында телеарналарға өз мәртебесін қорғап қалуға тура келеді. Себебі цифрлық платформалар мен желілік қауымдастықтардың ықпалы күннен-күнге артып отыр.

Телевизия – халық сенімінің көшбасшысы
Қазіргі қазақстандық медиакеңістік – теледидар, цифрлық БАҚ және қарқынды дамып келе жатқан әлеуметтік желілер мен мессенджерлерден құралған гибридті модель. Осы иерархияның басында әлі де теледидар тұр. ҚСЗИ-дың көктемгі зерттеуіне сәйкес, қазақстандықтардың 59,7%-ы теледидарға сенім артады[i].
«Теледидар дәуірі аяқталды» деген пікірлерге қарамастан, сенім деңгейінің 59,7%-ға жетуі кейбіреулерге әлі де жоғары болып көрінуі ықтимал. Алайда көршілес мемлекеттерге назар аударсақ, ұқсас көріністі байқаймыз. Азия Барометрі деректері бойынша, Моңғолия халқының 63,2%-ы [ii], Вьетнам тұрғындарының 62 %[iii], Оңтүстік Корея халқының 59,3%-ы [iv], ал Тайвань халқының 57,3%-ы теледидарға сенеді [v]. Бұл елдердегі ең жоғарғы және ең төменгі көрсеткіш арасындағы айырма небәрі 5,9 пайыздық тармақты құрайды. Демек, бес мемлекетте теледидарға орташа-жоғары деңгейде сенім артып отыр.

Осы салыстырудан теледидардың халық сенім білдіретін ақпарат көзі ретінде тек Қазақстанда ғана емес, жалпы Азия аймағында да берік сақталып келе жатқанын көреміз. Әртүрлі елдердегі ұқсас сенім деңгейлері бұл құбылыстың кездейсоқ еместігін, терең әлеуметтік және мәдени негіздері бар екенін аңғартады.
Сенімнің екі тұрғысы
Неліктен телеэкран әлі күнге дейін жұрт назарын өзіне тартады? Бұл сұраққа екі тұрғыдан жауап бар: институционалдық және мәдени.
Институционалдық тұрғыдан алғанда, теледидар – ресми әрі тұрақты институт. Қазақстандағы ірі телеарналар («Евразия» бірінші арнасы, «Qazaqstan», «Хабар», «31 арна», «КТК») мемлекеттік инфрақұрылымға етене енген. Сондықтан да олар ресми ақпаратқа келгенде ерекше қолжетімділікке ие. Жаңалықтар эфирінің тұрақтылығы, көрерменге жақсы таныс жүргізушілер мен кәсіби жеткізу сенімділік әсерін қалыптастырады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жиі кездесетін дәлелденбеген деректерге қарағанда[vi], теледидар халық үшін «дәлелденген сөздің» символына айналып отыр. Жаңалықтардың тұрақты кестесі, ақпаратты стандартты жеткізуі және көрерменге етене таныс жүргізушілер халық сенімділігін арттыра түседі. [vii].
Мәдени тұрғы. Теледидарға деген сенім әдеттер мен құндылықтар арқылы да қалыптасады. Бұл қалай болғаны? Әлеуметтену барысында құндылықтар қоғамдағы үстем арна арқылы (біздің жағдайда – теледидар арқылы) сіңіріліп, кейін институттарды бағалауға ықпал етеді.[viii]. Қазақстанда бірнеше ұрпақ дәл осы теледидар арқылы әлеуметтеніп, кейін бұл әдет ұжымдық тәжірибенің бір бөлігіне айналды. Әсіресе медиасауаттылығы төмендеу аға буын өкілдері үшін теледидар телефондағы жаңалықтар таспасынан әлдеқайда түсінікті әрі сенімді. Сондықтан Қазақстанда теледидар жай ғана құрылғы емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі, отбасылық және қоғамдық тәртіптің белгісі болып отыр.
Гибридті медиакеңістік және жаңа ойыншылар
Алайда гибридті медиакеңістік жағдайында теледидар жалғыз сенімді ақпарат көзі болып қала алмайды. Қазіргі таңда қазақстандықтардың 34,7%-ы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге сенеді. Олар үшін бұл – жеке байланыстар мен желілік қауымдастықтар арқылы сенім қалыптасатын «жаңа алаң». Әлеуметтік желілер ақпарат жылдамдығы және пікір алмасуға деген ашықтығы арқылы халықты тартып отыр. Респонденттердің 30,3%-ы интернет-БАҚ-қа сенетінін жариялады. Алайда олар жылдам әрі заманауи ақпарат көзі ретінде қабылданғанымен, әрдайым кеңінен мойындала бермейді. Өз кезегінде цифрлық платформалардың алгоритмдері адамға жеке жақындық пен «өз ортасы» бардай әсер қалдырады. Мұның барлығы теледидардың көшбасшылық орны бұрынғыдай сақталып қала береді деп сенбей, сол орын үшін күресу керектігін көрсетіп отыр. Дәл осы бәсекеде гибридті модельдің мәні айқын ашылады: бір жағында – теледидардың институционалдық беріктігі мен мәдени жадтағы орны, екінші жағында – цифрлық платформалардың серпінділігі. Ал осы қақтығыстағы басты сауал – теледидар тек өз орнын сақтап қалумен шектеле ме, әлде адамның сенімі сан қырлы сипат алған заманда қоғаммен тілдесудің жаңа жолдарын таба ала ма?
[i] Әлеуметтік сауалнама – Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) тапсырысымен 2025 жылдың 20 наурызы мен 20 сәуірі аралығында жүргізіліп, оған жалпы 8001 респондент (17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан) 18 жастан асқан респонденттер қатысқан
[ii] https://www.asianbarometer.org/datar?page=d10 23.12.2024 Моңғолия бойынша SPSS файлы.
[iii] https://www.asianbarometer.org/datar?page=d10 17.01.2025 Вьетнам бойынша SPSS файлы.
[iv] https://www.asianbarometer.org/datar?page=d10 20.12.2024 Оңтүстік Корея бойынша SPSS файлы.
[v] https://www.asianbarometer.org/datar?page=d10 02.04.2024 Тайвань бойынша SPSS файлы.
[vi] Hovland, C.I., Janis, I.L., Kelley, H.H. Communication and Persuasion: Psychological Study of Opinion Change, Yale University, 1953; Mishler, W. & Rose R. What are the origins of Political Trust? Testing Institutional and Cultural Theories in post – Communist societies, Comparative Political Studies, vol.34, no.1, pp.30-62, 2001.
[vii] Gaziano, C., & McGrath, K. Measuring the Concept of Credibility, Journalism &Mass Communication Quarterly, vol63, pp.451-462, 1986.
[viii] Müller, J. Mechanisms of Trust: News Media in Democratic and Authoritarian Regimes. Verlag, 250pp.2013; Lee, T. Why they don’t trust the media. American Behavioral Scientist, vol.54, no.1, pp.8-21, 2010.


