Нұрым Ертай,
Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас сарапшысы,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Түркістан облысы бойынша өкілі
Президент 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында: «Түркістан облысында қытайлық компания су ресурстарын тиімді пайдалануды көздейтін заманауи мақта-тоқыма кластерін құруда», – деп атап өтті.
Әкімдіктің мәліметінше, 2025 жылы облыста 428 мың тонна шитті мақта жиналды. Шардара ауданында жылына 150 мың тонна жүгеріні қайта өңдеуге арналған жоба іске асырылуда. Сайрам ауданында жылына 30 мың тонна ет өңдеуге қауқарлы ет өңдеу комбинаты жұмыс істейді. Мұндай жобалар жергілікті шикізатты өңдеу және дайын өнім шығару мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Мемлекет басшысы сондай-ақ: «Суға ұқыпты қарау шаруашылық жүргізудің міндетті қағидатына айналуға тиіс», – деп атап көрсетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап 114 мың гектарға жетіп, бір жыл ішінде 59 мың гектарға ұлғайды.
Осындай жобалардың бірі – Арыс қаласындағы кешен. Онда 4 мың гектардан астам алқапта малазықтық дақылдарды өсіру үшін жаңбырлатып суару технологиялары қолданылады. Бәйдібек ауданында бес жаңбырлатып суару қондырғысы 300 гектар жерді суаруды қамтамасыз етеді. Сауран ауданында суару жабдықтарының өндірісі жолға қойылған.
Өнімді сақтау инфрақұрылымы да дамып келеді. 2026–2028 жылдарға арналған жол картасы аясында Сарыағаш және Ордабасы аудандарында тиісінше 2 мың және 1 мың тонна өнім сақтайтын көкөніс қоймаларын салу жоспарланған. Бұл жобаларды іске асыру өнімді сақтау және кейіннен өткізу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Менің ойымша, осы жобаларды іске асыру кезінде фермерлер үшін ұзақ мерзімді қаржыландырудың, жабдықтардың, сақтау және логистика қызметтерінің қолжетімділігіне басымдық беру қажет. Шаруашылықтардың өңдеу кәсіпорындарымен тұрақты байланысын, өнім жеткізудің түсінікті шарттарын және төлемдердің уақтылы жүргізілуін қамтамасыз ету маңызды.
Жолдауда айтылған 2027 жылы ауылдық тауар өндірушілердің өнімдерін өткізуге арналған өңірлік пилоттық цифрлық жобаларды іске қосу қосымша мүмкіндіктер ашады. Облыс үшін цифрлық сауданы өнімді сақтау, жеткізу және есеп айырысу жүйелерімен байланыстыра отырып, осындай жобаларға қатысу мүмкіндігін қарастырған жөн.
Бұл жұмыстың нәтижесінде ауыл тұрғындарының табысы артып, дайын өнім өндірісі ұлғайып, жер мен су ресурстары анағұрлым тиімді қолданылуы тиіс.


