Skip to content
Басты бет » Заң – тәртіп пен әділеттіліктің негізі

Заң – тәртіп пен әділеттіліктің негізі

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңесте «Заң және Тәртіп» қағидатын ұстану қоғамның идеологиялық және саяси нұсқаулығына айналуы қажет екенін атап өтті. Президент: «Әділетті  Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел», – деді. Бұл жаңа қоғамдық келісімнің іргетасында тұрған маңызды постулат. Барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігінің конституциялық қағидаты сақталмаған жерде әділетті мемлекет құру мүмкін емес. Бұл туралы Президент тағы да еске салды.

Әділеттілік, теңдік және заңның үстемдігі туралы мәселенің тарихын қарастыратын болсақ, оның бастауы ежелгі кезеңмен, Антика дәуірімен тұспа-тұс келеді. Бұл мәселенің тарихы бай болғанымен, өзектілігі әлі де жойылған жоқ. Адамзаттың тарихи дамуының әр кезеңінде заң мен әділеттіліктің байланысы туралы сұраққа өз жауабы болды. Бірақ барлық дерлік елдер мен мәдениеттерге тән бір жалпы түсінік бар, оны келесідей тұжырымдауға болады: «Заң – бұл мемлекет пен қоғам өміріндегі әділеттіліктің көрінісі».

Бұл ұстаным жаңа емес, ол Қазақстанда ұзақ уақыт бойы іске асырылып келеді. 2023 жылғы құқықтық статистика соңғы 5 жылда тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 32%-ға төмендегенін көрсетеді. Мысалы, егер 2019 жылы 190 мың қылмыс тіркелген болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 104 мыңды құрады. Ауырлығы орташа қылмыстар саны – 2019 жылы 137 мыңнан 2023 жылы 51 мыңға дейін төмендеді. Көріп отырғанымыздай, елде құқықтық тәртіпті орнату саясаты дәйекті түрде жүзеге асырылып жатыр.

Заңды сақтау – әділеттіліктің негізі. Сонымен бірге әділетті қоғамда заң – теңдік пен тәртіптің кепілі. Құқықтық мемлекеттегі әділеттілік заңмен реттелген барлық әлеуметтік қатынастардың ортақ белгісі болады. Бұл ретте заңның сақталуы жауапкершілікті қабылдауды да білдіреді. Құқықтық статистика деректері бойынша 2023 жылы 7,79 млн әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Бұл 2019 жылғы 4,65 млн-нан әлдеқайда артық. Бұдан шығатын қорытынды: азаматтар жанжалдарды заңға сүйене отырып, барлық заңды және ресми арналар арқылы құқық қорғау органдарына жүгіну арқылы құқықтық әдістермен шешуді жөн көреді. Мұндай жағдайды азаматтардың құқықтық мәдениетінің өсуі деп түсінуге болады. Бұл – мемлекет пен қоғамның дамуының оң көрсеткіші.

Ермек ТОҚТАРОВ,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы