Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Жаһандық экономика және орнықты даму бөлімінің басшысы Бибігүл Өмірбаева авторлығымен дайындалған «Клиент тәжірибесі: Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға жаңа көзқарас» атты ғылыми басылым жарық көрді. Еңбек орыс (мына сілтеме бойынша қолжетімді) және ағылшын тілінде (мына сілтеме бойынша қолжетімді) жарияланған.
Зерттеу денсаулық сақтау жүйесіне пациент тәжірибесі тұрғысынан қарауды ұсынады – жекелеген қызметтер жиынтығы ретінде емес, біртұтас, үздіксіз үдеріс ретінде. Автор дәл осы үдерістің ұйымдастырылуы медициналық көмектің қолжетімділігіне, сапасына және тиімділігіне тікелей әсер ететінін көрсетеді.
Басылымда клиенттік тәжірибені (customer experience) басқарудың тұжырымдамалық тәсілдері ұсынылып, Корея Республикасы, Түркия және Өзбекстан секілді елдердің халықаралық тәжірибесі талданған, сондай-ақ Қазақстан үшін практикалық бағдарлар айқындалған. Ғылыми еңбек қоғамдық денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларындағы мамандар тарапынан сараптамалық бағасын алған.
Зерттеу шектеулі ресурстар жағдайында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін қалай арттыруға болатыны жөніндегі негізгі сұрақты көтереді. Жауаптардың бірі – тек қаржыландыруда ғана емес, сонымен қатар жүйенің қаншалықты түсінікті, үйлесімді және адамға бағдарланған болуында.
Басылым денсаулық сақтау, басқару және экономика салаларындағы мамандарға, сондай-ақ пациентке бағдарланған тәсілдердің дамуына қызығушылық танытатын барлық оқырмандарға пайдалы болмақ.


