2026 жылғы 16 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Алматы қаласындағы Өкілдігінде Ханнс Зайдель қорының (Германия) делегациясымен кездесу өтті. Делегация құрамында Қордың Солтүстік-Шығыс және Орталық Азия жөніндегі бөлім басшысы Вероника Айхингер және Қордың Орталық Азиядағы жоба жетекшісі Константин К. Блашке болды.
Кездесу барысында тараптар өз ұйымдарының негізгі қызмет бағыттарын таныстырып, ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, оның ішінде серіктестік байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.
Ханнс Зайдель қоры 1967 жылы құрылған және Германиядағы Христиан-әлеуметтік одаққа жақын ұйым ретінде саяси білім беру саласында қызмет етеді. Қор Орталық Азияда 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді және Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда мемлекеттік, қоғамдық және парламенттік секторлардың әкімшілік әлеуетін дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда. Ұйым мемлекеттік басқару саласында өңірлік серіктестермен белсенді өзара іс-қимыл жүргізеді.
Кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Таяу Шығыстағы ахуал, Ресей-Украина қақтығысы, Орталық Азия елдерінің өңірішілік және сыртқы серіктестермен өзара іс-қимылының динамикасы, сондай-ақ «Орталық Азия – Еуропалық одақ» және «Қазақстан – Германия» форматтарындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша алдағы үш жылға арналған Орталық Азиядағы Зайдель қоры қызметінің стратегиялық жоспарлауына енгізілетін ұсыныстар талқыланды. Өңірдің зерттеу институттарымен өзара іс-қимылды күшейту, неміс серіктестерімен диалогты дамыту, сондай-ақ бірлескен зерттеулер, іс-шаралар өткізу және олардың нәтижелерін жариялау мүмкіндіктері қарастырылды.


